Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары Марат Шоранов Hayat-Vax және CoronaVac вакциналарының тапшылығы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Hayat-Vax және CoronaVac вакциналарын біз Қазақстанға шектеулі көлеммен жеткізгенбіз. Ең басынан партиялардың бәрін дәл ортасынан бөліп жартысын бірінші компонентіне, жартысын екінші компонентіне сақтап отырмыз. Қазіргі кезде Hayat-Vax-тың бірінші компонентінің қалдығы 13 мыңдай. Қазақстан бойынша 486 мыңнан астам адам екпесін алды. Сол себептен екінші компоненттің вакциналары медициналық мекемелердің, ұйымдардың қоймаларында сақтаулы тұр. Сондықтан Hayat-Vax және CoronaVac-тың бірінші компонентін алған азаматтар екінші екпесін сол мекемелерден ала алады. Біраз қалада расында да 486 мың адам алғандықтан вакцина бітейін деп қалды», - деді вице-министр орталық коммуникациялар қызметінде.
Сондай-ақ, Марат Шоранов аталған вакциналардың қосымша партиясын әкелу үшін келіссөздер жүріп жатқанын атап өтті.
«Жалпы біз бұл вакциналарды бір мезгіл келісімшартпен алып келгенбіз. Қазір келіссөз процесі жүріп жатыр. Шешімі зауыттың өндірістік көлеміне және келісімшарттарына байланысты. Біз нақты мерзімін белгілеуге тырысамыз», - деді министрдің бірінші орынбасары.
