"Рио-де-Жанейрода өтіп жатқан Олимпиада ойындарында әйелдер арасында еркін күрестен 75 келіге дейінгі салмақта ел намысын қорғаған Гүзел Манюрова жартылай финалда ресейлік Екатерина Букинамен жолықты", - деп жазады "Ұлт ақпарат".
75 келіге дейінгі салмақта белдесетін Гюзель Манюрова боз кілемдегі бірінші белдесуінде мажар елінің балуаны Жанетт Неметті жеңсе, ширек финалда камерундық Аннабель Алиді жарыс жолынан шығарды. Ал, жартылай финалда отандасымызға сәттілік жолдас болды. Кездесу аяқталуына 8 секунд қалғанда 8:6 есебімен ресейлік балуан алда тұрған еді. Жерлесіміз табандылық көрсетіп, соңғы сәтте жеңісті жұлып алды.
Енді, қазақстандық балуан финалда күреседі. Қазіргі кезде қоржында кемі күміс медаль бар. 38 жастағы қазақстандық спортшы финалда канадалық Эрик Елизабетпен белдеседі.
Айта кетейік, Гюзель Манюрова бұған дейін Ресей құрамасы сапында Афины Олимпиадасында күміс жүлдегер атанған. Ал Лондонда Қазақстан атынан шығып, қола медаль еншілеген еді.