17 қар, 2016 сағат 10:18

Ғылымы дамыған елдердің болашағы зор

Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев «Астана клубының» Еуразия дамуының басты мәселелерін талқылауға арналған халықаралық сарапшылық алаңы  отырысында сөз сөйледі, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Қоры ұйымдастырған іс-шараға әлемнің түрлі елдерінің экономика, саясат және халықаралық қатынастар саласындағы 50-ден астам жетекші сарапшылары қатысты.

Қ.Тоқаев Қазақстан Тәуелсіз­ді­гінің 25 жылдығы қарсаңында халық­аралық жағдайдың негізгі үрдістеріне қатысты өз ойымен бөлісті. Сенат спикері ірі державалардың ұлттық стратегиялық мүдделерінің бұрынғы қырғи-қабақ соғыс кезіндегі екі сая­си жүйе мен идеологиялық блоктар арасындағы бәсекелестікті ауыс­тырғанын атап өтті.

«Көпполярлылық қайтарымсыз үрдіске айналды», деді Қ.Тоқаев. Қытай кедей мемлекеттен «шын мәнінде жаһандық әлемде тағы бір экономикалық және саяси полюске айналды». БРИКС, ШЫҰ, АСЕАН сияқты өңірлік ұйымдардың рөлі айтарлықтай өсті.

Қ.Тоқаев жоғары технологияның қарқынды дамуы тұрғысынан кибер қауіпсіздіктің жай-күйі туралы алаңдаушылық білдіре келіп: «Тә­уелсіздігіміздің алғашқы күн­дерінде біз Facebook, Twitter және басқа да әлеуметтік желілердің қан­ша­лық­ты таралымда болатынын елестете де алмаушы едік», – деді. – Ал «араб көк­темінен» кейін «интернет-ре­волю­ция» түсінігі пайда болды. АҚШ-тағы Д.Трамптың прези­дент­тік сайлаудағы күтпеген жеңісі дәс­­түрлі БАҚ-тан әлеуметтік желі­лер­­дің артықшылықтарын анықтап берді».

Сенат Төрағасының айтуынша, АҚШ президентін сайлау осы күз­дің басты саяси оқиғасы болды. «Д.Трамптың жеңісі – ұлтшылдық мем­лекеттердің ішкі саясатындағы үстем жаңа құбылыс ретінде халық­аралық қатынастар жолына шық­қанын көрсетті деген қорытынды жасауға мүмкіндік береді», – деді Қ.Тоқаев.

Әлемдегі күштердің қайта бө­лінуін талдай отырып, Қ.Тоқаев Сирия, Ливия, Йемен және Ирактың негізгі шиеленіс ошақтары ретінде жаһандық күн тәртібіндегі басты мәсе­леге айналғанын атап өтті. «Осы жағдайда, Сирияға өз әскерін енгізу арқылы Таяу Шығыстағы страте­гиялық бастаманы қолға алған Ресейдің геосаяси рөлі айтарлық­тай артты. Бұл аймаққа Иран да өз ық­палын күшейтті», – деді Қазақ­стан Парламенті Сенатының Төрағасы.

Төраға БҰҰ-ны реформалау перспективаларына ерекше назар аудара келіп, жаңа Бас хатшы A.Гутеррештің алдында БҰҰ Қау­іп­сіздік Кеңесінің үйлес­тіріл­ген жұ­мысын қамтамасыз ету мін­деті тұр деп санайтынын білдірді. Өйт­кені, Кеңес, Сирия мен Ук­раи­наға қатысты белгілі келіспеу­ші­лік­терге  байланысты «ұжымдық сана» рөлін атқаруды тоқтатқан болатын.

Төраға: «Қазақстан алдағы екі жылда Қауіпсіздік Кеңесінің тұ­рақ­ты емес мүшесі болады. Бұл БҰҰ-ның негізгі органындағы біздің күн тәрті­бімізді ілгерілетуге мүмкіндік береді. Қазақстан, Сирия мен Украи­наны қоса алғанда, әлемдегі қазіргі замандағы негізгі мәселелер бойын­ша БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде дауыс беретін болады», деді.

Кейінгі ширек ғасырдағы үш қаржы дағдарысын туындатқан әлем­дік нарықтағы сілкіністер тура­лы айта келіп, Қ.Тоқаев эконо­ми­калық мәселелерді саясаттан тыс­­қары ететін мүлде жаңа, шын мәніндегі инновациялық қадамдар­ды пайдалануға шақырды.

Ғылыми-техникалық салаға қатысты болжамымен бөліскен Төраға: «Таяудағы ширек ғасырда бүкіл әлем толықтай өзгеріске ұшы­рай­ды. Адамдардың тек тұр­­мысы ғана емес, олардың дүниетанымы да өзгереді. Техноло­гиялық тұрғыдан локомотив ретінде ең дамыған аз ғана мемлекеттер алға озып кетеді. Оның артынан ғылыми-техникалық жетістіктерді көшіруге және игеруге қабілетті орташа дамыған елдер іле­седі. Бірақ мемлекеттердің негізгі бө­лігі әлемге қауіп тудыратын бар­лық зардаптарымен бірге жол жие­гіне шығып қалуы ықтимал», деді.

Келешегі зор интеграциялық жобалардың ішінен Қ.Тоқаев Қы­тайдың 2013 жылы ҚХР Төр­ағасы Си Цзиньпин Астанада алғаш рет жа­­рия еткен «Жібек жолының эко­но­­микалық белдеуін» бөліп айтты. «Қазақстан өзінің аумағында осы стра­­тегиялық жобаны табысты іске асы­руға барынша күш-жігерін жұм­сай­тын болады.  Дәл осы мақсатқа қол жеткізу үшін ауқымы мол «Нұр­­лы жол» бағдарламасы қолға алы­нып отыр», деп атап өтті Парла­мент­тің жоғарғы палатасының басшы­сы.