22 шіл, 2024 сағат 15:53

Гүлмира Сатыбалдының ісі: Сот залында шу шығып, судья жәбірленушіні екі отырыстан шеттетті


видеодан скрин

Гүлмира Сатыбалдының ісі бойынша жәбірленуші сот отырысында тәртіп бұзғаны үшін залдан шығарылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Сот мәліметінше, жәбірленуші сотталушымен жанжалдасып, төрағалық етуші судьяның бұйрығына бағынбаған. 

“2024 жылы 18 шілдеде өткен сот отырысында куә Родионовтан жауап алу кезінде жәбірленуші аталған куә және сотталушы Батыршаевпен ауызша жанжалдасып, сот отырысында тәртіпті бұзып, төрағалық етуші судьяның бұйрығына бағынбаған. Қылмыстық-процестік кодекстің 346-бабына (Басты сот талқылауының тәртiптемесі) сәйкес, сот отырысында тәртіп бұзылып, төрағалық етушінің бұйрығына бағынбаған жағдайда, адамды сот залынан шығаруға құқылы”, – деді судья Мәртпек Кәкімжанов.


Судья Абай Жүнісовтің бұрын мұндай заңбұзушылыққа жол бермегенін ескеріп, оны сот процесі аяқталғанша емес, 22 және 25 шілдеде өтетін екі отырыстан ғана шеттету туралы шешім қабылдады.

Жәбірленушінің адвокаты Рашид Теңізбаев қорғауындағы тараптың атынан кешірім сұрады.

“Абай Қадырұлы сот процесіне қатысушылардан, соттан өзінің мінез-құлқы үшін кешірім сұрады. Ол жүйке ауруына шалдыққан. Әрине, мұндай мінез-құлыққа жол беруге болмайды. Біз құқықтық мемлекетте өмір сүреміз. Бұл мәселе қолданыстағы заңнама аясында шешілуге тиіс. "Ол болған оқиғаға өкініш білдіріп, енді қайталанбайтынын айтты", – деді адвокат. 


Еске салайық, 4 мамырда Гүлмира Сатыбалды 389-баптың 3 және 4-бөлігі (Өзiнше билiк ету, яғни Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiпке қарамастан, басқа адаммен немесе ұйыммен дауласып, өзiнiң нақты немесе болжамды құқығын өз бетiнше жүзеге асыру) мен 125-баптың 2-бөлігінің 1 және 8-тармақтары (Пайдакүнемдік ниетпен адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен адам ұрлау) бойынша жеті жылға бас бостандығынан айырылған. Сондай-ақ Сатыбалды “Құрмет” орденінен айырылды. Сонымен қатар сот Гүлмира Сатыбалдыны кәсіпкер Тұрсен Алагөзовқа 6,5 миллиард теңге өтеуге міндеттеді.

Сот жазаны қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемелерінде өтеуді тағайындау туралы шешім қабылдады. Жаза өтеу мерзімі үкім заңды күшіне енген күннен бастап есептеледі. Сатыбалдының жазасын өтеу мерзімі 2022 жылғы 16 наурыздан бастап қылмыстық-атқару жүйесінде жазасын өтеу кезінде қамауға алудың бір күні есебімен 2022 жылғы 16 наурыздан бастап күшіне енгенге дейін есептеледі.

Гүлмира Сатыбалды Универсиада-2017 нысандарын жөндеуге жұмсалған қаражатты жымқыру, басып алу және ұрлау істеріне қатысты айыпталған.