Грузияның жаңадан сайланған президенті Саломе Зурабишвили Грузияға және Украинаға қарсы басқыншылығы үшін Ресеймен әріптестік орнату мүмкіндігіне күмән келтірді. Бұл жөнінде Зурабишвили BBC телеарнасына берген сұқбатында мәлімдеді.
Зурабишвили Ресейді Грузия жеріне біртіндеп еніп, "басып алынған аймақ сызығындағы" азаматтарды ұрлады деп айыптады. Ол "басып алынған аймақ сызығы" деп мойындалмаған Оңтүстік Осетия республикасымен шекараны атады. Грузияның жаңа басшысы елдің Еуропамен ынтымақтасу бағытын ұстанатынын айтты.
Грузия билігі Ресейді Оңтүстік Осетиямен шектесетін аймақта азаматтарды тұтқындап жатыр деп бұған дейін де айыптап келген. Мәскеу болса, бұл аймақты тәуелсіз мемлекет деп мойындап, төрт мың әскерін орналастырған. Ресейден басқа Оңтүстік Осетияны тәуелсіз ел деп бес мемлекет мойындаған. Абхазия мен Оңтүстік Осетия 2008 жылы Ресей мен Грузия арасында болған әскери жанжалда Грузиядан бөлініп шыққан. Ресей Грузияның жікшіл аймақтарындағы әрекетін "бітімгершілік операциясы" деп атаған.
Президент сайлауында Саломе Зурабившили 60 пайызға жуық жауыс жинап, қарсыласы Григол Вашадзеден 20 пайыз дауыспен озды. Грузия тарихында бірінші рет әйел президент атанған Зурабишвили сайлаудағы жеңісін "Еуропаның жеңісі" деп атады. Елдің бұрынғы президенті Михаил Саакашвили жақтайтын үміткер Вашадзе сайлау қорытындысын мойындамады. Ол билікті сайлаушыларға қысым жасады, сайлау нәтижесін бұрмалады деп айыптады. Оның сөзінше, "Грузия арманы" партиясы жеңіске жету үшін "қылмыс әлемімен келісімге келген". Оппозиция жақтастары Тбилисиде шеруге шығуды жоспарлап отыр.