23 ақп, 2021 сағат 10:45

Грузияда полиция оппозициялық партия кеңсесіне басып кіріп, Никанор Мелияны ұстады

Тбилисиде полиция "Бірыңғай ұлттық қозғалыс" оппозициялық партиясының кеңсесіне басып кіріп, партия жетекшісі Никанор Мелияны ұстады.

Басып кіру кезінде полиция жас ағызатын газ пайдаланған. "Эхо Кавказ" сайтының жазуынша, операциядан кейін оппозицияның бірнеше өкіліне медициналық көмек қажет болған. "Новости Грузия" порталының дерегінше, күштік құрылымдар Мелияны кеңседен бронды машинаға отырғызып, алып кеткен.

Сот Мелияны 17 ақпанда қамау туралы қаулы шығарған. Судья ол кезде кепілдікпен босап шығу шарасын қамауға ауыстыру туралы бас прокуратура өтінішін қанағаттандырған.

Мелия 2019 жылы маусым айында Тбилисидегі парламентте ресейлік депутат Сергей Гавриловтың сапары кезінде "тәртіпсіздік ұйымдастырды" деп айыпталып отыр. Мелия тағылған айыптарды жоққа шығарады. Ол акцияны ешкім ұйымдастырмағанын, адамдардың стихиялы түрде топтасқанын алға тартады. 21 маусым күнгі қақтығыс кезінде 200-ден астам адам зардап шеккен. Ондаған адам ұсталып, артынша босатылған.

18 ақпанда Грузия премьер-министрі Георгий Гахария "Бірыңғай ұлттық қозғалыс" партиясының штаб-пәтерінде күш құрылымдары жүргізетін операция жайлы мәселе бойынша биліктегі "Грузин арманы" партиясымен келісе алмай, отставкаға кеткен. 

Осы аптада Грузия парламенті премьер-министр қызметіне Ираклий Гарибашвилиді бекітті. Ол Никанор Мелияны "қылмыскер" деп атап, оған қатысты сот шешімі орындалатынын айтқан.