Сербия астанасы Белград қаласында өтіп жатқан күрес түрлерінен әлем чемпионатында грек-рим күресінен Айдос Сұлтанғалидің қола жүлдесінен кейін ел құрамасы медальдар кестесінде 13-орынға жайғасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазірге дейін грек-рим күресінен әлемнің 13 мемлекетінен келген балуандар жүлдеге қол жеткізді.
Олардың арасында 4 алтын медаль алған Сербия көш бастап тұр. Екінші орындағы Әзербайжанның 1 алтын, 1 күміс, 3 қола медальі бар. Үздік үштікті 1 алтын, 3 қоламен Түркия құрамасы түйіндеді.
Сондай-ақ, медальдар кестесіне Армения, Қырғызстан, Грузия, Венгрия, Иран, Өзбекстан, Болгария, Дания, Украина, Қытай, Жапония құрамалары енді.
Еске салсақ, әлемдік додада 60 келі салмақта сынға түскен Айдос 3-орын үшін сайыста венгриялық Кристиан Кечкеметиді 7:1 есебімен жеңді.
Айдос Сұлтанғали 1996 жылы 7 ақпанда Қызылорда қаласында дүниеге келген. Бұған дейін 2018 жылы Венгрия астанасы Будапешт қаласында өткен әлем чемпионатында да қола жүлде алған еді.