24 қаз, 2019 сағат 13:28

Greenpeace: Германия Ресейге 12 мың тонна радиоактивті қалдық тасымалдайды

2022 жылдың соңына дейін Еуропаның Urenco компаниясы Германиядан Ресейге 12 мың тонна ядролық қалдық тасымалдайды. Бұған дейін оның бір бөлігі - 3500 тоннадан астам қалдық Орал электрохимия комбинатына жеткізілген деп хабарлады Greenpeace ұйымы. Халықаралық Greenpeace ұйымының Ресейдегі бөлімшесі Солтүстік Рейн-Вестфалия билігі жариялаған ресми құжатқа сүйене отырып, осындай мәлімет таратты. Экологтар Ресейде онсыз да радиоактивті улы қалдықтар қоймасы жеткілікті екенін айтып, экологиялық ахуалға алаңдайды.

Greenpeace дерегінше, 2019-2022 жылдар аралығында Германиядан Ресейге 12 мың тонна яғни, мыңнан астам радиоактивті қалдық тиелген контейнер жөнелтілмек. 2019 жылдың мамыр мен қазан айлары аралығында Германияның Гронау қаласынан Ресейдің Свердловскі облысындағы Орал электрохимия комбинатына 3600 тонна радиоактивті қалдық (алты вагон) жіберілген.

Ұйымның жазуынша, Ресейде қазірдің өзінде шамамен бір миллион тонна радиоактивті уран қалдығы бар. Бұл қалдықты пайдаланудың жоспары жасалмаған. Бұған дейін қосымша байытқаннан кейінгі пайда болған уран қалдықтары Ресейде қалып қойған.

Росатомның "радиоктивті қалдықтан табыс табу" саясатын сынаған халықаралық "Экозащита" экологиялық тобы жетекшілерінің бірі Владимир Сливяк "өркениетті мемлекет үшін бұл пайда табудың тиімді жолы емес" дейді.

Ресейде әрі қарай өңдеуге келмейтін ядролық материалдар және радиоактивті қалдықтарды сақтау, өңдеу немесе көму заңсыз болып есептеледі. Алайда заңда оларды қосымша байыту арқылы табыс табу жағы қарастырылған, тек қалдықтарды жеткізуші елге қайтарып беру қажет. Экологтар соңғы айтылған ереженің орындалмайтынын айтады.