Grammy жүлдесін табыстау салтанаты коронавирус пандемиясына байланысты ресми түрде 2021 жылдың наурыз айының ортасына ауыстырылды, деп хабарлайды CNN.
АҚШ-тың өнер және дыбыс жазу техникасы академиясының, CBS және шоу продюсерлерінің бірлескен мәлімдемесінде үздік музыканттарды марапаттау рәсімі коронавирус пандемиясына байланысты 2021 жылдың 14 наурызында жексенбіде өтеді деп көрсетілген.
Аталған шара 31 қаңтарда Лос-Анджелестегі Staples Center-де өтуі тиіс болған. Ал оны «The Daily Show» жүргізушісі Тревор Ноа жүргізуі керек еді.
Шараны ұйымдастырушылардың мәлімдемесінде көрсетілгендей, Лос-Анджелестегі COVID-19-ға байланысты жағдайдың нашарлауы, онда ауруханалар, жансақтау бөлімшелері науқастарға толып қалуы шоуды кейінге қалдыру туралы шешім қабылдауға мәжбүр еткен. «Біздің музыкалық қауымдастық мүшелерінің және шоу жасау үшін тынымсыз жұмыс істейтін жүздеген адамның денсаулығы мен қауіпсіздігінен маңызды ештеңе жоқ», - делінген хабарламада.
Мәлімдемеде ұйымдастырушылар барлық талантты музыканттарға, қызметкерлерге, әсіресе биылғы жылғы номинанттарға оларды түсінгені, шыдамдылығы және ерекше жағдайда жұмыс істегені үшін ризашылығын білдірген.
Әнші Бейонсе, Дуа Липа және Тейлор Свифт, сонымен қатар әнші Родди Ричч биыл номинациялар саны бойынша көш бастап тұр. Биыл Grammy статуэткалары 84 аталым бойынша табысталады.
Айта кету керек, 20 жастағы қазақстандық Иманбек Зейкенов (Imanbek) Roses SAINt JHN әнімен «Үздік ремикс» аталымында Grammy-ге үміткерлердің бірі атанды.