Лас-Вегас қаласында өткен бокс кешінде WBA (Super), IBO, WBC және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы, отандасымыз Геннадий Головкин (37-0, 33 КО) мен мексикалық Сауль «Канело» Альварес арасындағы (49-1-1, 34 КО) жекпе-жек төрешілер шешімімен тең аяқталды. Сол арқылы отандасымыз өзінің барлық титулын сақтап қалды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Бір төреші жеңісті Альвареске, ал екіншісі Головкинге берсе, үшінші төреші қос боксшы тең түсті деп есептеген (114:114).
Жерлесіміз алғашқы раундтан бастап шабуылға көшіп, мексикалық боксшыны қыспаққа алған. Алайда Альварес те қарап қалмай, артқа шегінсе де, қарымта соққыларын жасап жүрді. Кейінгі раундтарда екі боксшы да әдемі соққыларын дарыта білді. Сауатты джебтер мен аперкоттар жасалды.
Бесінші раундта Головкин өз қарсыласын бұрышқа тіреп, сериялық соққылар жасады. Алайда Альварес түк болмағандай жай ғана басын шайқап жүрді. Сосын лезде алға қарай атылып, шабуылға ұмтылды. GGG оны тағы да бұрышқа тықсырды. "Канело" қарымта шабуылдармен жауап беріп отырды. Головкиннің барлық джебтері діттеген жеріне жетті. Альварес болса, бірнеше ауыр аперкотын жасап үлгерді. 6-раундта Головкин өте жақсы бокс көрсетті. 7-раундта боксшылар алма-кезек соққы алмасумен болды. Ал оныншы раундта GGG ауыр екі соққы өткізіп алды. Дегенмен, бірден жинақталып, өз шабуылын жалғастырды. Соңғы раундта мексикалық боксшы өз қарқынын үдетті. Сериялық соққыларын да іске асыра білді. Алайда Головкин де қайтқан жоқ. Барлық соққыларды қабылдап, ашық бокстасуға шақырды. Сөйтіп, толық 12 раунд бойы бокстасып шықты.
Айта кетейік, Головкин - "Канело" жекпе-жегі Лас-Вегастағы (АҚШ, Невада) T-Mobile Arena аренасында өтті. Бокс кеші Астана уақыты бойынша таңғы 06:00-ден бастап Qazaqstan және QazSport телеарналарынан тікелей эфирден көрсетілді. АҚШ-та бұл жекпе-жек (PPV) ақылы жүйе арқылы көрсетілді. Бір телевизордан көру құны 75 доллар болды.
34 жастағы Головкин кәсіпқой бокста 38-кездесуін өткізіп, алғаш рет жекпе-жекті тең аяқтады. Ал 26 жастағы Альварес 52-кездесуін өткізіп, екінші рет тең түсіп отыр. Ол осыған дейін Флойд Мейвезерден бір рет жеңілген. Ал 49 кездесуде жеңген.