18 қар, 2019 сағат 15:01

ҚР СІМ Гонконгтегі қазақстандық студенттерге елге оралуды ұсынды

ҚР Сыртқы істер министрлігі ведомствосында баспасөз жиыны өтіп, Гонконгтегі наразылықтың шығуына және университеттер аумағында, сондай-ақ оларға іргелес аудандарда аухалдың шиеленісуіне байланысты, қазақстандық студенттерге елге қайтуларын сұрады, – деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».

«Аталған жағдайға байланысты, 2020 жылдың қаңтарына дейін сабақтарды тоқтату немесе қашықтықтан оқыту бойынша онлайн-базаға көшу туралы шешім қабылдады. Осыған байланысты ҚР Сыртқы істер министрлігі Гонконгте оқып жатқан барлық студенттерге Қазақстанға оралуды ұсынады. Сонымен қатар, ҚР азаматтарын қауіпсіздік жағдайы тұрақтанғанша, Гонконгке аса қажеттіліксіз бармауға шақырады» деді ресми өкіл Айбек Смадияров.

ҚР СІМ ресми өкілі Гонконгте болуға мәжбүр азаматтарға барлық сақтық шараларын қабылдауды сұрады.

«БАҚ-та және Гонконгтегі Қазақстанның Бас консулдығының ресми сайтында ақпаратты бақылап отыруға болады. Біздің азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және елге уақтылы қайтып келу мақсатында «Эйр-Астана» әуе компаниясымен айыппұл төлеу және баға айырмашылығын төлеместен бұрын сатып алынған билеттерге ұшу күнін өзгерту мүмкіндігі туралы келісімге қол жеткізілді. Студенттердің көпшілігінің желтоқсан айының соңына демалысқа сәйкес билеттері бар» деді ол.

Сонымен қатар, Гонконгтегі Қазақстанның Бас консулдығы қазақстандық студенттер қауымдастығымен бірлесіп, студенттерді жинау мен әуежайға дейін тасымалдау шаралары жүргізіліп жатқанын атап өтті.

«Бүгінгі таңда Қазақстанға 118 студент қайтып келді. Алдағы күндері 40-қа жуық студентті қайтару жоспарланып отыр» деді А.Смадияров.