25 жел, 2020 сағат 07:25

Головкиннің кезекті жекпе-жегі қашан болатындығы талқыланып жатыр

Орта салмақтағы IBF/IBO әлем чемпионы қазақстандық Геннадий Головкин (41-1-1, 36 KO) мен бірінші орта дивизиондағы WBO титулының бұрынғы иегері Хайме Мунгия (36-0, 29 KO) арасындағы жекпе-жек өткізу мәселесі талқыланып жатыр, деп хабарлайды Sports.kz.

Тараптар жекпе-жекті 2021 жылдың мамыр айында – Мексикада 5 мамырда тойланатын Синко де Майо мерекесіне орай демалыс күндері өткізуді қарастыруда. Бұған дейін Golden Boy компаниясынан Мунгияның бірлескен промоутері Эрик Гомес мұндай жекпе-жекке ашық қызығушылық білдірген болатын. 

Еске сала кетсек, GGG соңғы жекпе-жегін 19 желтоқсанда Голливудта, Флоридада өткізген еді. Головкин қарсыласы Шереметаны мерзімінен бұрын жеңіп, өзінің салмақ дәрежесінде рекордтық 21-ші рет әлем чемпионы титулын қорғап шықты. 

Бүгінде қазақстандық боксшының IBF және IBO титулдары бойынша белдіктері бар.