Қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин әйгілі португалиялық футболшы Криштиану Роналдуға бокстың қыр-сырын үйретті. Әлемге әйгілі спортшылардың бірлескен жаттығуы түсірілген видеоүзіндіні боксшы өз Instagram-парақшасында жариялады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Бұқаралық ақпарат құралдарында тараған ақпаратқа сәйкес, Геннадий Головкин парақшасында бөліскен видеоүзінді DAZN компаниясының деректі фильмінен алынған. Деректі фильмнің басты кейіпкерлері Геннадий Головкин мен Криштиану Роналду. DAZN компаниясының осынау жаңа жобасы спорттың түр-түрінде әлемге аты танылған спортшыларды біріктіреді.
Шағын ғана трейлерде спортшылардың бірлескен жаттығуы көрсетілген. Әңгіме барысында Головкин Роналдудан: «Боксшы бола алар ма едің?», - деп сұрайды. «Олай ойламаймын», - дейді футболшы.
«Өмірдегі ортаң мінезіңді қалыптастырады. Біз бай емес, қарапайым адам болып дүние есігін аштық. Өз өмірің үшін тынымсыз күресуге тура келеді», - дейді Криштиану Роналду.