29 қыр, 2018 сағат 20:35

Головкин: «Канеломен» үшінші айқасқа келісемін, бұл - нақты!

Қазақстандық боксшы Геннадий Головкин (38-1-1, 34 КО) мексикалық Сауль Альвареспен өткен реваншқа қатысты пікірін білдіріп, үшінші жекпе-жектің ықтималдылығы туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Sports.kz сайтына сілтеме жасап.

«Екінші айқасты ұтқаныма сенімдімін. Ал төрешілердің жеңісті маған бермегені - менің проблемам емес. Мен өз жұмысымды жасадым. «Канелоға» соққыларды, ауыр соққыларды көбірек жасадым. Ол бұл жолы агрессивті қимылдады. Бірақ менен белдіктерді алу үшін жеткілікті күш салмады. Оның іс-қимылы мен үшін күтпеген жағдай болған жоқ. Бізде стратегия болды. Адамдар менің жасым туралы айтып жатыр. Айқаста жеңілдім деп ойламаймын. «Канеломен» үшінші айқасқа келісемін, бұл - нақты. Бірақ ол дұрыс шарттармен ұйымдастырылуы тиіс», - деді Головкин.   

Еске салайық, GGG «Канело» арасындағы бірінші және екінші айқастар Лас-Вегастағы T-Mobile кешенінде өтті. Екі жекпе-жекте де боксшылардың ешқайсысы айқын басымдықпен жеңіске жете алмады. Алғашқысы - тең нәтижемен, реванш - төрешілер дауысымен «Канелоның» пайдасына аяқталды.