Boxing.pl журналисі Конрад Будынек қазақстандық боксшы Геннадий Головкиннің (41-1-1, 36 КО) алдағы жоспарларына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Sports.kz сайтына сілтеме жасап.
Сарапшының пайымдауынша, 38 жастағы қазақстандық боксшының басқа қолжетімді нұсқаларының бар болғанына қарамастан, басты мақсаты Сауль «Канело» Альвареспен (54-1-2, 36 КО) үшінші рет жекпе-жек өткізу болып отыр.
«Промоутерлер Головкинге әуелі Муратамен, сосын Андрадемен жұдырықтасуға рұқсат беретін еді, бірақ олар соңғы сәтке дейін оның «Канеломен» трилогиясына үмітті», - деген сенімде Будынек.
Бұған дейін Головкиннің промоутері Эдди Хирн оның Риота Муратамен (16-2, 13 КО) жекпе-жегінің желтоқсан айында өтуі мүмкін екенін айтқан болатын. Деметриус Андрадеге (29-0, 18 КО) келетін болсақ, әзірге GGG командасы бұл жекпе-жекке аса үлкен қызығушылық танытпай отыр.