08 мау, 2017 сағат 15:51

Головкин өз ақшасына балаларға арналған спорт алаңын салып береді

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин Майқұдықтағы 14-шағын ауданда балаларға арналған спорт алаңын салып бермекші, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" боксшының әлеуметтік желісіндегі парақшасына сілтеме жасап.

Айта кеткен жөн, күні кеше Геннадий Головкин Майқұдықта жаңадан салынған денешынықтыру-сауықтыру кешенінің ашылу салтанатына қатысқан болатын. Спорт кешеніне GGG-дің аты берілді.

Ал Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошановпен болған кездесу кезінде аймақ басшысы қоғамдық сананы жаңғырту, соның ішінде «Туған жер» бағдарламасы туралы айтып берді. «Президент барлық бизнесмендерді туған жерге көңіл бөліп, қолдан келгенше көмек беруге үндеген болатын. Біреулер мектеп сала алады, енді біреулер өз ауласын абаттандыра алады. Кәсіпкерлердің көбісі осы бастаманы қолдады», - деді Қошанов.

Өз сөзінде Геннадий Головкин аталған бастамадан тыс қалмайтынын жеткізді. «Мен аталған бағдарламаға қуана-қуана қосыламын. Мен өзім туып өскен аулада балаларға арналған спорт алаңын жасап берсем, дұрыс деп ойламын. Президенттің бастамасын толығымен қолдаймын», - деп атап көрсетті Головкин.