Геннадий Головкинге әлем чемпионы титулы үшін жұдырықтасу құқығы берілді. Бұл туралы Халықаралық бокс федерациясы (IBF) орта салмақтағы әлем чемпионы Геннадий Головкин мен украиналық Сергей Деревянченко арасындағы жекпе-жекті өткізуге рұқсат бергеннен кейін белгілі болды, деп хабарлайды «SPORTINFORM».
Мексикалық Сауль Альварес пен украиналық Деревянченко жекпе-жегінің келіссөзі нәтижетсіз аяқталғаннан кейін, IBF чемпиондық белдікті Сауль Альварестен қайтарып алған болатын. Енді Головкин мен Деревянченконың командалары арасындағы келіссөздер сәтті болса, жекпе-жек екі айдан кейін, 5 қазанда DAZN-де өтеді.
Генадий Головкин өткен маусымдағы алғашқы жекпе-жегінде Стив Роллсты төртінші раундта нокаутпен жеңген болатын.
Еске сала кетейік, GGG кәсіпқой рекорды - 39 жеңіс, оның 35-і нокаутпен. Сондай-ақ, Головкин бір рет тең түсті және бір жеңілісі бар. Сергей Деревянченко 13 рет жеңіске жетіп (10 нокаут), бір мәрте жеңіліске ұшыраған.