18 мау, 2020 сағат 08:26

Годунова бюджетке салықтың артық төленуі жайлы: Адал кәсіпкерлердің нәпақасын алып отырмыз

Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы Наталья Годунова бюджетке салықты артық төлейтін кәсіпкерлердің мәселесін көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Салықтық түсім құрылымында жүйені құраушы негізгі салықтың мөлшері азайып барады. Мен корпоративті табыс салығы (КТС) туралы айтып отырмын. Ол 30 пайызға қысқарды. Айтпақшы бұл көрсеткіш жағымсыз тенденция мен бизнестің ахуалынан хабар береді. Республикалық бюджетке салық түсімдерінің артық төленіп кету мөлшері өткен жылдан қарағанда 170 млрд теңгеге төмендеді. Бұл әлі де айтарлықтай көп сома емес. Бұл – мемлекетке төленбеуі тиіс қаражат болатын! Мұның жартысы есепке алынып, бизнес өкілдеріне осы жылдың бірінші жартыжылдығында қайтарылады. Біз адал кәсіпкерлердің нәпақасын алып отырмыз», - деді Наталья Годунова Парламент Сенатында 2019 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есепті баяндау кезінде. 

Есеп комитетінің басшысы сонымен бірге бизнес өкілдерінің артық төлеп кеткен қаражатының мөлшерін азайту жұмысын да сынға алды.

«Ол да үлкен сұрақ. Есеп комитетінің таңдау арқылы жүргізілген аудтитімен 8 салық төлеушінің артық төленді-ау деген салығы 30 млрд теңгеге негізсіз төмендетілгені анықталды. Бұл шаруаны статистикалық көрсеткіштерін жақсарту үшін Қарағанды, Ақтөбе, Қостанай, БҚО мен ШҚО, Нұр-Сұлтан қаласының мемлекеттік кірістер органдары атқарған. Сол үшін КТС-ты төлеу тәртібін қайта қараған абзал», - деді ол.