Германияның федералды полициясы Балтық теңізіндегі "Солтүстік ағын" және "Солтүстік ағын-2" газ құбырларының зақымданған жерін тексеруге кіріскен. DW хабарына қарағанда, Данияның Борнхольм аралына Германия әскери теңіз күштерінің екі кемесі сүңгуірлерін алып кеткен.
Елдің қорғаныс министрлігінің Бундестаг қорғаныс комитетіне жазған хатында "Германия федералды полициясы мен бундесвер қызметкерлерінен құралған зерттеу тобы жарылыс болған жерді тексеру үшін Балтық теңізіне аттанғаны" жайлы жазылған.
Бұған дейін Германия федералды полициясы әскери ведомстводан көмек сұраған. Миссияға Германия әскери теңіз күштерінің екі кемесі: мина іздегіш "Диллинген" тралы мен түрлі мақсатқа арналған "Миттельгрунд" кемелері қосылған. Олар теңізге 7 қазанда шыққан.
"Солтүстік ағын" газ құбырына келтірілген зақымды Швеция билігі де зерттеп жатыр. Таяуда олар "алдын ала қорытындылар қаскүнемдік жасалғанын көрсетіп отыр" деп хабарлаған. Газ құбырына жақын маңда бірнеше жарылыс болған. Бұл диверсияға жауапкершілікті кім алатыны әзірге белгісіз. Бұған дейін АҚШ пен Еуропа одағы елдері де осыған ұқсас хабар таратқан.
Ресей президенті Владимир Путин 30 қыркүйекте сөйлеген сөзінде "жарылысты ағылшын-саксондар жасады" деп айыптағанымен, дәлел келтірмеген. Ресей билігі ресми түрде ешкімге айып тақпаған.
