28 сәу, 2017 сағат 13:06

Германияда ниқабқа заң жүзінде ішінара тыйым салынды

Германия Парламенті адамның беті мен денесін толықтай жауып тұратын ниқаб киімін киюге тыйым салу туралы заң жобасын мақұлдады, - деп хабарлайды Вести.ru. Бұл - кейбір мұсылман әйелдері киетін бет бүркеп, тек көзін ғана көрсететін жамылғы. 

Тыйым жалпыға бірдей емес, әзірге тек мемлекеттік қызметкерлерге, судьяларға және әскерилерге салынады. 

"Интеграция, бұл біздің құндылықтарымызды нақты көрсетіп, таратуды білдіреді. Біз мақұлдаған заң жобасы маңызды үлес қосады", - деді ГФР ішкі істер министрі Томас де Мезьер. 

Еске салайық, ниқабқа ішінара тыйым салу туралы өткен жылдың аяғында ГФР канцлері Ангела Меркель айтқан болатын. Ниқаб - араб елдерінде, әсіресе Сауд Арабиясында, Йеменде, Бахрейнде, БАӘ кең таралған. Сонымен қатар Сирия, Сомали, Пәкістан, Үндістан, Ауғанстан елдеріндегі әйелдер де киеді.

Айта кетейік, осыған дейін ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қысқа балақ пен сақал қоюға тыйым салу керектігін айтқан болатын. Кейін Дін істері комитетінің төрағасының міндетін атқарушы Бақытжан Күлекеев елімізде қара киім киюге тыйым салады делінген заң жобасы Парламентке күзде түсуі мүмкін екенін айтқан еді. Ал өз кезегінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдері көзге ерсі көрінетін, дене бітімін айқындайтын, қара түсті киім-кешектерді пайдаланбаған дұрыс екенін және паранжа (ниқаб) мен "қара киім кию - салтымызға қайшы, бұл ата-бабаларымыздың жолы емес" екенін айтқан еді.

kaz.tengrinews.kz