Ведомствоаралық комиссияның баспасөз қызметі әлемдегі коронавирусқа қатысты ахуалды хабарлады, деп жазады "Ұлт ақпарат".
Германияда COVID-19 таралу индикаторы тұрақты түрде төмендеуде – соңғы 7 күнде 100 000 тұрғынға шаққанда 64,2 адамның індетті жұқтыру жағдайы тіркелді. Ел билігі бұл көрсеткіш 50-ге дейін төмендеген кезде эпидемияға қарсы қатаң карантиндік шаралардың жеңілдетілетінін хабарлауда.
Литва билігі карантиндік шектеу шараларын жеңілдетіп, 15 ақпаннан бастап азық-түліктен басқа заттар сатылатын дүкендерді, шаштараздар мен сұлулық салондарының ашылуына рұқсат етті.
Ақпан айының соңында Нью-Йорк стадиондары қайта ашылмақ. Олардың індеттің өршуіне байланысты жабылғандарына бір жылдан астам уақыт өткен. Көрермендердің рұқсат етілген жалпы саны стадионның сыйымдылығының 10 пайызынан аспауы тиіс.
Мексикада коронавирусқа қарсы Қытайдың екі вакцинасы - CanSino Biologics және CoronaVac тіркеуден өтті. Бұрын BioNTech/Pfizer, AstraZeneca және Ресейлік «Спутник V» вакциналары тіркелген болатын.
Ұлыбритания Премьер-министрі Борис Джонсон елдің 15 миллионнан астам тұрғыны коронавирусқа қарсы вакцинацияның алғашқы дозасын алғанын мәлімдеді. 520 мыңға жуық адам вакцинацияның екінші бөлігін қабылдаған.