Германия, Ұлыбритания және Франция Көшбасшылары Иранды ядролық келісім бойынша өз міндеттемелерін толығымен орындауға шақырды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" жарияланған бірлескен мәлімдемеге сілтеме жасап.
Құжатта аталмыш мемлекеттер АҚШ-тың Иранның ядролық бағдарламасы бойынша Жан-жақты қамтылған бірлескен іс-қимылдар жоспарынан (Жоспар) шығу және Тегеранға қарсы санкцияларды жандандыру шешіміне өкініш және алаңдаушылық білдіретінін еске салды.
Үш елдің басшылары анағұрлым күрделене түскен жағдайларға қарамастан, олар бұл келісімді сақтап қалу үшін барын салғандарын атап өткен.
«Иранның ядролық бағдарламасы бойынша Жан-жақты қамтылған бірлескен іс-қимылдар жоспарында қалып отырған тараптар – Қытай, Франция, Германия, Ресей, Ұлыбритания, Иран және үйлестіруші ретіндегі Еуропалық одақ Жоспарды сақтап қалу туралы бұлжымас шешімін қуаттады», - делінген мәлімдемеде.
Германия, Ұлыбритания және Франция Лидерлері Иранның келісімге сәйкес өз міндеттемелерін толығымен орындауға оралуының маңыздылығын қадап айтты.
«Біз 2019 жылғы шілдеден бастап өз міндеттемелерін бұзуға қатысты Иран тарапының әрекеттеріне үлкен алаңдаушылығымызды білдірдік. Бұл әрекеттер тоқтатылуы тиіс. Жоспарды сақтап қалу үшін оның барлық ережелерін қолданып, оның шеңберінде Иранның Жоспар бойынша өз міндеттемелерін орындауына қатысты мәселелерді шешетін боламыз», - делінген құжатта.
Естеріңізге сала кетейік, 2015 жылдың шілде айында БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі ядролық қаруды таратпау жөніндегі жаһандық режімнің негізі болып табылатын Иранның ядролық бағдарламасы бойынша Жан-жақты қамтылған бірлескен іс-қимылдар жоспарын бірауыздан қабылдаған болатын. Шартқа Иран және халықаралық делдалдардың «алтылығы» - Ұлыбритания, Германия, Қытай, Ресей, АҚШ және Франция қол қойды. Тегеран санкцияларды алып тастау шараларының орнына атом саласындағы өз зерттеулерін шектеуге келісті.