Неміс экономикасы бірінші тоқсан қорытындысы бойынша құлдырап кетті. Келесі тоқсанда жағдай бұдан бетер ушыға түсуі мүмкін, деп хабарлайды Deutsche Welle ресурсы.
Германияның федералды статистика басқармасы елдің ішкі жалпы өнімі бірінші тоқсанда өткен тоқсанмен салыстырғанда 2,2% азайғанын растады.
Мұндай жағдай 2008 жылғы қаржы дағдарысынан бері алғаш рет болып отыр. Бұл ең алдымен тұтынушы шығындарының - 3,2%, компаниялардың кәсіпорындар мен жабдықтарға салынған инвестициясының - 6,9%, экспорттың – 3,1%, импорттың – 1,6% дейін төмендеуіне байланысты болып отыр.
Германия үкіметі Екінші Дүниежүзі соғысынан бергі ең күрделі экономикалық құлдырауды күтіп отыр. Биыл ішкі жалпы өнім 6,3% дейін қысқарады деген болжам бар.
Айта кетейік, Германия экономикасы бәрінен бұрын өнеркәсіп экспортына тәуелді. Бұл сала коронавирус пандемиясына дейін-ақ Ұлыбританияның Еуропа одағынан шығуы мен АҚШ пен Қытай арасындағы сауда егесі тұсында тұрақсыздыққа ұшырап, біраз зардап шеккен.
Өнеркәсіп тапсырыстары ақпан мен наурыз аралығында 9% дейін азайды. Бұл - 1991 жылдан бергі ең төмен көрсеткіш.