16 нау, 2021 сағат 05:09

Германия AstraZeneсa вакцинасын егуді тоқтатты

Германия сақтық мақсатында коронавирусқа қарсы AstraZeneсa вакцинасын егуді тоқтатты. Бұл туралы Германия денсаулық сақтау министрлігіне сүйенген Welt телеарнасы хабарлады.

Пауль Эрлих атындағы институт мамандарының рекомендациясына сүйенген Германия үкіметі осындай шешім қабылдаған.

Елде тромбозға шалдыққан жеті адамға AstraZeneca вакцинасы салынғаннан кейін үшеуі қайтыс болған. Вакцинаның адам өліміне тікелей қатысы бар ма, жоқ па, оны сараптама анықтайды.

"Жаңа зерттеулер мен жаңа ақпараттарға байланысты жағдай өзгерді. Менің ойымша, азаматтар біз ұсынып отырған вакцинаның қауіпсіз әрі тиімді екеніне көз жеткізгісі келеді" деді институттың президенті Клаус Цихутек 15 наурызда ARD телернасына.

Оның сөзіне қарағанда, AstraZeneca вакцинасын еккеніне 16 күн толған азаматтар ол жайында алаңдамай-ақ қойса да болады. Ал вакцина жаңадан егіліп, басы ауырған немесе денесі қансыраған адамдардың дәрігерге жолыққаны дұрыс.

Германиядан бөлек, тағы бірқатар елдер AstraZeneca вакцинасын пайдалануды тоқтатқан. Олар "вакцина егілген кейбір азаматтардың қан айналымының нашарлағаны" сияқты ақпараттарға алаңдап отыр.

Енді Еуропаның дәрі-дәрмек жөніндегі агенттігі "жаңа зерттеудің нәтижесіне сүйене отырып, препараттың нарыққа ену-енбеуі мәселесін шешеді" деп хабарлады теларна.