Қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин 5 мамыр күні жекпе-жек өткізетін болды. Бұл туралы vesti.kz жазды.
Отандасымыз тегі армян америкалық боксшы Ванес Мартиросянмен жұдырықтасады. GGG жекпе-жек жайлы twitter желісіндегі парақшасында хабарлады.
Қос боксшы арасындағы жекпе-жек 5 мамыр күні Карсондағы (Калифорния штаты, АҚШ) StubHub Center аренада өтеді.
Ванес Мартиросян тегі армениялық боксшы. Ол 4 жасқа толғанда отбасы АҚШ-қа қоныс аударған. Ал бокспен 7 жасынан бастап шұғылдана бастаған. Әкесінің өзі әуесқой боксшы болған.
Әуесқой бокста ауыз толтырып айтарлықтай жетістікке жетпесе де, болашағы зор боксшы екенін байқатқан. 2004 жылы Афины Олимпиадасына 69 кг салмақта қатысқан. Бірінші кездесуінде алжирлік Бенамар Мескинді жеңсе, екінші айналымда кубалық Лоренсо Арагоннан ұтылған. Барлығы 130 кездесу өткізіп, 120-да жеңіске жеткен.
2005 жылы боксшы кәсіпқой боксқа ауысады. Ол кезде Ванес 20 жаста-ақ еді. Ал алғашқы құрлықтық чемпиондық жекпе-жегін 2009 жылы өткізген.
Ванес Мартиросян барлық жекпе-жектерін бірінші орта салмақта өткізген. 33 жекпе-жекте қатарынан жеңіске жеткен. 2012 жылы кубалық Эрисланди Ларамен тең түседі. Араға бір жыл сала америкалық боксшы Деметриус Андрадеге ұпай айырмасымен жол беріп, алғаш рет жеңіледі.
2015 жылы отандасы Джермелл Чарлодан жеңілген. 2016 жылы кубалық Эрисланди Лараға қарсы кездесу өткізіп, ұпай айырмасымен ұтылған. Одан бергі 2 жыл ішінде шаршы алаңға шықпаған.
Айта кетейік, орта салмақта WBC, WBA (Super), IBF және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атағына ие отандасымыз Геннадий Головкин 5 мамыр күні мексикалық боксшы Сауль Альвареспен жұдырықтасуы тиіс еді. Алайда "Канелодан" допинг табылып, жекпе-жек өтпейтін болып шешілген болатын.