26 мау, 2017 сағат 14:16

Геннадий Головкин туралы фильм жарияланды

Аталған фильмде бокстың "алтын ғасыры" жайында баяндалады. Ал GGG мен "Канело" арасындағы жекпе-жек сол бір кезеңді қайта аша алады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Фильмнің режиссері - Оскар де ла Хойя. Ол - мексикалық боксшы Сауль Альварестің промоутері. Оған Головкиннің промоутері Том Леффлер де көмектескен. Сценарий бойынша кадрдан тыс дауыс бірінші жақтан сөйлейді. "Мен - бокспын!" деп бастайды қоңыр дауыс. Содан бастап ол өзінің "алтын дәуірін" еске алады. Фильмде түскен промоутер Дон Чарджин де кәсіби бокстағы ұлы тұлғалар жайында баяндайды. Осыдан кейін рэпер Ice Cube бокстан күш-қуат пен жылдамдықты талап етеді, бокстың өзі де сол қасиеттердің қайтып келгенін тілейді. Сөйтіп, режиссер 16 қыркүйек күні Головкин мен Альварес арасындағы жекпе-жекте бұрынғы нағыз бокстың қайта оянатынын айтқысы келеді.


Айта кетейік, аталған фильм Головкин мен Альварестің Лондон, Нью-Йорк мен Лос-Анджелес қалаларында өткен пресс-туры барысында көрсетілді. Бұған дейін GGG өз парақшасында пресс-турдың видеосын жариялаған болатын.  Бұдан бөлек, Головкин Мексиканың өзінде жанкүйерлерінің аз емес екенін көрсетті.