Орта салмақта жеңіліп көрмеген кәсіпқой боксшы Геннадий Головкинге елге сіңірген еңбегі үшін «Қарағанды облысының құрметті азаматы» атағы берілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Спортшы куәлік пен медальді және лентаны алу үшін арнайы келген.
«Геннадийдің әр келген сапары - біз үшін үлкен оқиға», - деді Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов. Геннадий Головкин берілген атақ үшін алғыс айтты.
«Маған көрсеткен құрметтеріңіз үшін алғыс айтамын. Өте қуаныштымын. Барлық ата-аналарға айтарым - балаларыңызды спорт секцияларына алып келіңіздер. Барлығыңыз спортпен айналысып, денсаулықтарыңыз мықты болсын», - деді Г.Головкин Қарағанды облысының құрметті азаматы куәлігі табыс етілгеннен кейін.
Головкинді Қарағанды облыстық мәслихатының XIII сессиясында депутаттар бірауыздан қолдаған болатын.
Депутаттар «Облыстың Құрметті азаматы» атағын беру азаматтың елге сіңірген көпжылдық еңбегі мен ерекше қабілетін, белсенділігі мен жауапкершілігін көпшіліктің мойындағандығын білдіретінін атап өткен еді.
Аталмыш атақ сонымен қатар азаматтардың қоғамдағы белсенділігін арттырып, облыстың экономикалық және әлеуметтік дамуына қосқан үлесін ұлықтап, өскелең ұрпақты қазақстандық патриотизм үлгісінде тәрбиелеуді көздейді.
Геннадий Головкин ешқашан жеңіліп көрмеген кәсіби боксшы, ол орта салмақта өнер көрсетеді. 2003 жылы ол әуесқой боксшылар арасында әлем чемпионы. 38 кездесу өткізіп, оның 37-ін жеңіспен аяқтады. Тек біреуінде ғана қарсыласымен тең түсті. «WBC World Champion» (орта салмақ), WBA Super World Champion (орта салмақ), IBF World Champion «орта салмақ), IBO World Champion (орта салмақ) атақтарының иегері.