Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Қорғаныс министрлігінің жұмысын сынға алды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы бірінші оқылымда қаралды.
Сұрақ-жауап барысында депутат Асылбек Смағұлов Қорғаныс министрлігінің өкілінен соғыс уақыты жағдайында кәсіпорындар мен ұйымдардан, азаматтардан алынатын автокөлік үшін ақы қалай төленетінін сұрады. Мәжілісмен қаралып отырған заң жобасынан бұл норманы көре алмаған.
Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қарулы күштер бас штабының бастығы Мұрат Бектанов көлік міндеттерінің ережелері әзірге жазылмағанын, алайда заң жобасы аясында әзірленетінін атап өтті.
Бұл жауапқа көңілі толмаған Мәжіліс спикері одан Қорғаныс министрлігінің бұған қатысты позициясын сұрады.
"Қазақстандағы барлық көлік біздің құжатта бар. Мобилизация жоспарына сәйкес, біз әскери қажеттілік үшін оларды мемлекет меншігіне аламыз", - деді Бектанов.
Осы орайда заң жобасы туралы баяндама жасаған Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов Бектановтың жауабын толықтырды. Айтуынша, көліктерге қатысты ереже 2005 жылдан бері бар.
"Әскери жағдай кезінде тек көліктер ғана алынады. Көлік иелеріне өтемақы, жеке тұлға болсын, заңды тұлға болсын, 60 күн ішінде толық мөлшерде төленеді. Заң жобасында нақты тетік пен құзырет бекітілген, қазір қорғаныс министрлігімен бірлесіп әзірлеп жатырмыз", - деді Дәленов.
Нұрлан Нығматулин қойылған сұраққа дұрыс жауап бере алмаған Қорғаныс министрінің орынбасарына шүйлікті.
"Қорғаныс министрлігі мүлде түк білмейді, сіздердегі тәртіпсіздіктің бәрі осыдан шығады. Позиция баяғыдан белгілі, бұл қолданыстағы ережелер, қазір тек заңмен рәсімделеді. Мұрат Кәрібайұлы, мұны білу керек қой. Сіз білдей бастықсыз. Оны білмесеңіз, ертең сіздің қол астыңызда істеген офицер қайдан біледі?", - деп ашуланды спикер.
Айта кетсек, заң жобасында мобилизация резервінің дәрілік заттары мен медициналық мақсаттағы бұйымдарын жеткізу, сақтау және жаңарту жөніндегі функцияларды Денсаулық сақтау министрлігіне беру ұсынылып отыр.
Құжатта мобилизация дайындығы саласындағы уәкілетті органға қару-жарақ пен әскери техника бұйымдарына, аса маңызды азаматтық өнімге арналған техникалық құжаттаманың, сондай-ақ тәуекелі жоғары объектілерге, халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету жүйелеріне және ұлттық игілік болып табылатын объектілерге арналған жобалау құжаттамасының сақтандыру қорын құру және сақтау саласындағы қызметті үйлестіру жөніндегі құзыретті беретін нормалар бекітіледі.
Мәжіліс депутаттары аталған заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.