25 мам, 2020 сағат 15:46

Гендерлік саясатты жүзеге асыру бойынша заңнамалық бастамалар шешуші мәнге ие - сарапшы

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғаш рет Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында партиялық сайлау тізімдерінде квоталардың 30 процентін әйелдер мен жастар үшін енгізу жөніндегі бастамасы бүгін «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңына толықтырулар енгізу туралы» заңда жүзеге асты.   

Көптеген елдерде қазіргі күннің өзінде әйелдер саяси өмірде әлеуметтік-мәдени бөгеттер, гендерлік стеретиптер және саяси партиялар мен сайлау жүйелерінің құрылымдық тосқауылдары секілді түрлі кедергілерге тап болады. Осыған қарамастан әйел заты елдің қоғамдық-саяси дамуына орасан зор үлесін қосуда, алайда олардың еңбегі көп жағдайда еленбей қалады.    

Әлем бойынша ұлттық парламенттің 35% немесе одан да көп әйел-мүшелері тек 26 елде ғана  бар – ол Ұлыбритания, Италия, Франция, Эстония және басқа да көбінесе Еуропа елдері.

 Олардың басым көпшілігі 2000 жылдардың ортасында арнайы квоталарды енгізу арқылы бұл игілікке қол жеткізді (мәселен, Франция, Бельгия, Португалия, Испания). Аталған елдерде енгізілген квоталар әйелдер үшін саясатта жетістікке жетуге кедергі туғызатын гендерлік саяси алаңдағы ауытқуларды теңестіруге, кейбір құрылымдық тосқауылдарды азайтуға шынымен көмектесті.  Осындай нормалар елдің парламенті шын репрезентативті болып табылатынын және өзі өкілдік ететін халықтың пікірін білдіретініне кепіл болады.  Ол сондай-ақ әр азаматтың сайлануға деген құқығын растайды.

 Құрамында әйелдер саны жоғары парламент әдетте елдегі әлеуметтік мәселелерді тиімдірек шешеді  және денсаулық сақтау мен білім беру салаларына ерекше көңіл бөледі. Гендер саясатын жүзеге асыру бойынша заңнамалық бастамалар шешуші мәнге ие, себебі ол мультипликативті нәтиже беріп, әйелдерді бизнестегі және азаматтық сектордағы табысқа ынталандырады, сондықтан гендер теңдігі – ол тек саясаттың ғана емес, іскерлік әлемнің де мәселесі. Көптеген зерттеулер компаниялардың құрамында әйел-менеджерлер неғұрлым көп болса, соғұрлым ол табысты болатынын көрсетуде. Экономика мен қоғам өзінің барлық  дарындарын жынысына қарамай қолдануға мүдделі. 

Осында айта кететін мәселе, квоталар өз негізінде әлеуметтік топтарды қолдауға және көп уақытта жиналып келген теңсіздікті жоюға бағытталған позитивті кемсітушілікке қарсы уақытша шаралар болып табылатынын ұмытпауымыз жөн. Осындай теңсіздік жойылған сәттен бастап бұл квоталардан бас тартуға болады. Гендерлік квоталар өз кезегінде жергілікті жағдайға бейімделуі керек, сонымен қатар құқық қолдану механизмдерімен қуатталу қажет.                                                                

Алуа Жолдыбалина,

ҚР Президентінің жанындағы

Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының

бөлім басшысы