5 қыркүйек күні сағат 16.00-де Қазақстан Республикасының Әбілхан Қастеев ат. Мемлекеттік өнер музейінің Орталық көрме залында Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының 85 жылдығына орай Қазақстан суретшілерінің «Ғасырлар тоғысындағы ұрпақтар жалғасы» атты республикалық көрмесінің ашылу салтанаты өтеді.
Көрмеде кескіндеме, графика, мүсін, қолөнер саласы бойынша шығармашылық туындылар қойылады. Республикалық көрмеге Астана, Алматы, Қарағанды, Павлодар, Петропавл, Ақтөбе, Ақтау, Атырау, Орал, Қызылорда, Тараз, Шымкент, Семей өңірінен 150-ден астам суретшілер қатысып отыр.
Бүгінгі таңда Қазақстан республикасының Елбасы Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында заманауи қазақ бейнелеу өнерін өркендету, әлемге таныту мақсатта Қазақстан суретшілер одағы тарапынан жыл сайын ұйымдастырылыған республикалық атаулы көрмелер мен пленэрлік көрмелер қазақстан барлық өңірінде өткізіп келеді.
Аталмыш көрмеде өткен тарихтың сарыны, заман ақиқаты жырланған суретшілердің туындыларында халқымыздың рухани құндылықтары, елдің мақсат-мұраты мен ұлттық қасиеті суретшілер шығармашылығындағы жанрларда әрқырынан көрініс тауып отыр. Композициялық креативті ой-тұжырымдары мейлінше айқындалған, терең мағыналы туындылардың куәсі боласыз.
85 жыл тарихы бар Суретшілер одағы 1933 жылы құрылған болатын. Сол кезден бастап бүгінгі күн аралықта суретшілер талай белестерді бағындырып қазақ бейнелеу өнерінің өркендеуіне елеулі үлес қосып келеді. Алғашқыда ХХ ғасырдың 20 жылдары қазақ жеріне ресейден келген кәсіби суретшілер мен қазақ топырағынан шыққан тума таланттардың өнерімен қалыптасқан қазақ бейнелеу өнері тарихы бәрімізге белгілі. Қазақ Кеңес Суретшілер одағы құрылмас бұрын 1928 жылдан бастап көшпелі көрме шеруі негізделіп, қазақ өңірлерін аралап халыққа сурет өнерінің құдіретін насихаттап дара жол салған суретшілердің ішінде Ә. Қастеев, Ә Исмаилов, Б. Сарсенбаев, Қ. Қожықов, А. Ташенов, М. Өскенбаев, А. Қашбаев, Н. Крутильников, Ф. Болкоев, А. Бортников, Н. Соловьев сынды майталмандар болды. Осы тұста бейнелеу өнері салаларымен қатар жанрлық өнердің қалыптасқан кезеңі еді.
Суретшілер одағы құрылғаннан кейін, одақ суретшілердің басын қосып мемлекеттік тапсырыстарды орындаумен қатар, көрмелер ұйымдастыру және көркем өнерді насихаттау мақсатында 1935 жылы Қазақ ССР Халық комиссарлары кеңесінің шешімімен Көркемсурет галериясын, ал 1938 жылы Алматы Көркемсурет училищесін ашады. 1940 жылы құрылған сегіз облыстық суретшілер одағының қатысуымен Қазақ Кеңес Суретшілер одағының І-республикалық съезді өткізілді.
Уақыт пен кезеңнің қозғалысында 50-60 жылдары қазақ бейнелеу өнерінде ұлттық мектепті қалыптастыру мәселесінде ұлттық рухты, ұлттық болмысты кескіндеме, графика, мүсін саласында Қ. Тельжанов, М. Кенбаев, Н. Нұрмұхаммедов, Х. Наурызбаев, Ү. Әжиев, Н. Нұржұмаев, К. Шаяхметов, Е. Сидоркин, Г. Исмайлова, А. Ғалымбаева, С. Мамбеев, Е. Мергенов, Т. Досмағамбетов, С. Айтбаев, Ә. Жүнісов, М. Қисамидинов, И. Исабаев, Ж. Шарденов, С. Романов, Ш. Сариев, Т. Тоғызбаев, Б. Табиев, Ә. Сыдыханов және т.б. суретшілер өзіндік ерекше қолтаңбасымен айтарлықтай із қалдырды. Осы тұста одақ мүшелері қатары едәуір көбейіп, өнер салалары бойынша секциялар құрылып, жұмыс істеді. Одақ құрамына кәсіби суретшілер, халық шеберлер және өнертанушылар кірді. Бұл дәстүр бүгінгі күнде де өз ісін жалғастырып келеді.
Өнер тарихындағы әрбір ағым – заман толқынысы десек, соның жаршысы – суретші. 70-80 жылдары қазақ классикалық бейнелеу өнерін жалғастыра динамикалық серпілісте бейнелеу өнерімен қатар кәсіби қолданбалы өнер саласында суретшілер әр жанрдағы форма мен кеңістікті релаистік, авангарттық, абстракциялық мәнерде еркін көзқарастағы шығармашылығымен ерекшеленді.
Суретшілер сол заманның рухын бейнелей ұлттық мәнер мен форманы негіздеді. Соцреалистік жүйедегі тақырыпты туындыларда шынайлық әуендеді. Сол ХХ ғасырдың бірнеше онжылдықты қамтитын кәсіби бейнелеу өнерінде мәнерлік өзгеріс болғанмен тұрақты тақырып, яғни заман жаңалығы, бейбіт өмір мен жарқын болашаққа, туған жер рухына бағышталды. Сонымен қатар бейнелу формасында сол дәуірдің қол жеткізген жетістіктерін анық та нық сенімділікті көрсету мен халықты жаңа белестерге ынталандыру ұраны айқын көрініс тапты.
ХХ ғасырдың аяғында қазақ елі тәуелсіз, жеке мемлекет болған тұста «ҚКСО» Қазақстан Республикасы Суретшілер Одағы болып өзгертілді. Сондай-ақ жалпы қазақ бейнелеу өнерінде де тұрақты заңдылықтар айтарлықтай өзгеріп, ұлттық тарихтың сырын шертті. 90 жылдардан бастап бүгінгі күнде суртешілер шығармашылығында ұмыт қалған көне мәдени-тарихты, тарихты, мифті қайта жаңғырту мәселесі орын алды. Авторлық композициялық идея мен көркемдік мәнерді негіздеуде өздерін сынаққа алды. Заманауи көркемобраз «жаңашыл реализм» ағымда орта буын және жас суретшілер архетиптік (тастағы суреттер), түрк мифологиясын қоғамдық тіршілікпен байланыстыра өзіндік ерекше өнер тілімен әуендетті.
Қазақстан суретшілері маңызы мен мәні жоғалмаған қазақ бейнелеу өнері қай заман болса да ұлттық қасиеттің болмысын, ондағы дүниетанымдық дәстүрлі көзқарасты сақтап келеді. Қазақ бейнелеу өнерінің өркен жайып, әлемдік өнердің аренасында ұлттық тілмен танылуымыз суретшілеріміздің сіңірген ерен еңбегі деп білеміз
Г.Қ. Жұбаниязова,
көрме жетекшісі