11 қаз, 2019 сағат 16:19

Ғарышкер Алексей Леонов дүниеден озды

Тарихта бірінші болып ашық ғарышқа шыққан адам, екі мәрте Кеңес Одағының батыры Алексей Леонов 86 жасында Мәскеуде көз жұмды, деп хабарлайды ТАСС агенттігі.

Бұл жөнінде жұма күні оның көмекшісі Наталья Филимонова мәлім етті.

«Алексей Архипович ұзақ уақыт сырқаттанып, Бурденко атындағы госпитальде көз жұмды», - деді Филимонова.

Оның айтуынша, ғарышкермен қоштасу және жаназасы 15 қазан күні Федералдық әскери мемориалдық зиратында өтеді (Мытищи, Мәскеу облысы).

Алексей Леонов екі мәрте ғарышқа ұшқан. Жалпы ұшу уақыты - 7 тәулік 33 минут. Сондай-ақ, ол - ашық ғарышқа шыққан әлемдегі тұңғыш ғарышкер (жалпы уақыты – 23 минут 41 секунд, 12 минут 9 секунд – кемеден тыс).

Ол алғаш рет ғарышқа 1965 жылы 18-19 наурызда ұшып, «Восход-2» кемесінің екінші ұшқышы болған. 18 наурыз күні ашық ғарышқа шықты. Ұшу барысында штаттан тыс жағдайлар орын алған. Қысымдағы айырмашылыққа байланысты скафандр ісіп кеткен. Бұл ғарышкердің шлюз камерасына қайтуына кедергі келтірді (есіктің диаметрі өте кішкентай болған).

1967-1970 жылдары Леонов Айға ұшуға дайындалған ғарышкерлер тобын басқарды. Ай бағдарламасы жабылған соң «Ұзақ мерзімді орбиталық станса» бағдарламасы бойынша дайындықтан өткенмен, алғашқы «Салют» стансасына ұшқан жоқ.