Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің жанындағы халықаралық вакцинология орталығының директоры Қайсар Табынов «коронавирустың алматылық штамы пайда болды» деген ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бұл ақпаратты журналистер дұрыс түсінбей қалған болуы керек. Біз аминқышқылдарын алмастыратын мутация туралы айттық. Тілші оны «Алматы штаммы» деп қабылдады. Біз бұл ақпаратты жоққа шығарамыз. Біз «британдық» және «оңтүстік африкалық» екі мутацияны дәл анықтадық, басқа мутация туралы сөз болған жоқ. Біз қазір вирустарды бөліп жатырмыз және оларды зерттеу үшін, вакциналардың тиімділігін бағалау үшін, сондай-ақ әзірленіп жатқан дәрілерге баға беру үшін зерттеуді жалғастырамыз. Біздің басты міндетіміз - осы», - деп түсіндірді ғалым.
Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарының бірінде Қазақстанда коронавирустың алматылық штамы пайда болуы мүмкін деген ақпарат тарады.