12 қар, 2017 сағат 12:34

Ғалым Боқаш Ұлттық арнаға қайта оралды

Танымал журналист, шығыстанушы Ғалым Боқаш "Qazaqstan" Ұлттық телеарнасының "Жер-жиһан" бағдарламасын жүргізетін болды.

Бұл туралы «Қазақстан» РТРК» АҚ-ның басқарма төрағасы Ерлан Қарин хабарлады. Ол фейсбуктегі парақшасында: "Ұлттық арнаның жаңа бағдарламасын қарсы алыңыздар! Енді әлемдегі оқиғаларға өзіндік жан-жақты сараптамамен әр сенбі сайын сағат 20.35-те "Жер Жиxан" бағдарламасынан таныса аласыздар! Ең бастысы, кім жүргізетінін қараңыз! Ұлттық арна эфиріне кімнің оралғанын байқадыңыз ба?", - деп жазды.

Ғалым Боқаш 2001-2005 жылдары «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы» АҚ қоғамдық-саяси бағдарлама редакциясының жетекшісі, Ақпараттық-талдау бағдарламасының директоры және «Мезгіл» сараптамалық бағдарламаларының жүргізушісі, басқарма төрағасының орынбасары қызметтерін атқарған болатын.

Кеше, яғни, 11 қараша күні "Жер-жиһан" бағдарламасының алғашқы шығарылымы көрерменге жол тартты. Халықаралық ақпараттық-сараптамалық бағдарлама Чехияның Прага қаласынан жүргізілмек. Атылмаш хабар әр сенбі сайын сағат 20.35-те көрсетіледі.

Айта кетсек, Ғалым Қабдулұлы Боқаш 1976 жылы 19 маусымда Шығыс Қазақстан облысы Мақаншы ауданында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін тәмамдаған. Пәкістанда, Үндістанда, Жапонияда еңбек өтілінен өткен. «Дарын» мемлекеттік Жастар сыйлығының, «Алтын Жұлдыз» сыйлығының, Қазақстан Республикасы Президентінің Бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлығының лауреаты.