18 қар, 2016 сағат 09:06

Гаага судьясы министр Мұхамедиұлы мен Сыдықова арасындағы дауға өз пікірін білдірді

- Бас прокуратурада куәгерлер мен жәбірленушілердің құқықтарын қорғау мәселесіне арналған жиын өткен болатын. Осы жиынға қатысқан xалықаралық дәрежедегі судья Екатерина Трендафилова ҚазАқпарат тілшісімен сұхбатында Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұxамедиұлы мен Еңлік Сыдықованың арасындағы сот дауына қатысты өз ойын білдірді.

Халықаралық сотта он жылға жуық уақыт қызмет еткен судья Екатерина Трендафилованың айтуынша, әлемдік тәжірибе бойынша министр өз абыройын қорғау үшін соттың көмегіне жүгіне алады. Дегенмен, ол өзінің қызмет бабын пайдаланып, қарсы жаққа қысым жасаса, қылмыстық істің тағы бір өндірісін ашу қажет.

«Енді, әлемдік тәжірибеде сан алуан мысалдар бар. Мен Гаагада полиция басшылары, вице-президент, тіпті президенттердің (Судан, Кения басшыларының) істерін қарағанмын. Негізі, қандай да бір шенеунік өз жұмысына адал, іскер азамат болса, бәзбіреулер оны тақтан тайдыруға тырысуы әбден мүмкін. Сондықтан ол министр қызметінде жүрсе де, атақ-абыройын сақтап қалу мақсатында сотқа арыз бере алады. Бұл жерде соттың төрелігі маңызды. Судья екі адамға да тең қараса, әділ шешім шығарылады. Ол министрден қорықпауы қажет. Ал сотқа дейін министр әкімшілік ресурстарын пайдаланып, қысым көрсететін болса, онда прокурорлар сол үшін жаңадан, басқа бір қылмыстық істі ашуы тиіс», - деді Е.Трендафилова ҚазАқпарат тілшісіне берген сұxбатында.

Айта кетейік, ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы өзінің абыройына нұқсан келтіргені үшін әртіс Еңлік Сыдықованы сотқа берді. Министрдің қорғаушысы Искандер Әлімбаевтың айтуынша, А.Мұхамедиұлының сотқа арыз беруі - оның заңды құқығы. «Заңда өзіне қатысты айыптауларды теріске шығару шаралары мемлекеттік қызметшінің құқығы ғана емес, міндеті ретінде көрсетілген. Құқықтық фактілердің сотпен айқындалатыны баршаға аян. Сыдықова таратқан ақпаратты өз еркімен теріске шығарған жоқ, сол себепті Мұхамедиұлына сотқа жүгінуге тура келді», - дейді ол.

Алайда Е.Сыдықованың қорғаушысы Гүлнәр Жуаспаеваның сөзіне қарағанда, қазіргі кезде министр өз қызметін пайдаланып, әкімшілік ресурстары арқылы сот шешіміне әсер етуге тырысып жатыр. «Осы дау-дамай басталғанда мен ертесінде бірден айттым, егер ол министр қызметінде Еңлікпен соттасатын болса, онда сот әділетсіз болады. Қазірдің өзінде ол қолында бар әкімшілік ресурстарын пайдаланып, сот шешімін өз пайдасына шешу мақсатында Еңліктің жігерін жасытуға тырысып жатыр. Бүгінде белгісіз біреулер оған қысым жасап, министрдің атына айтқан сөздерден бас тартсын дейді», - деп атап көрсетті адвокат.