27 қыр, 2021 сағат 13:35

Футзалдан әлем чемпионаты: Қазақстан бүгін ширек финалда Иранмен ойнайды


Бүгін Қазақстан құрамасы футзалдан әлем чемпионатының ширек финалында Иранмен шеберлік байқасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ирандық құрама 1/8 финалда Өзбекстан құрамасын 9:8 есебімен тізе бүктірді. 

Ал Қазақстан жарыстың аталған сатысында Таиландтан 7:0 есебімен басым түсті. 

Кездесу елорда уақытымен 23:00-де басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі. 

Бұған дейін әлем чемпионатының ширек финалында Бразилия Марокконы 1:0 есебімен жеңсе, Ресей Аргентинаға қосымша кезеңде 1:2 есебімен жол берді. 

Ослыайша жартылай финалдағы алғашқы жұп анықталып, онда Аргентина мен Бразилия сынға түспек. 

Топтық кезеңде Қазақстан құрамасы Коста-Рикадан 6:1, Литвадан 3:0 есебімен басым болды. Ал Венесуэламен 1:1 есебімен тең түсті. 

Қазақстан құрамасы бұдан бұрын әлем чемпионаты финалдық сатысында екі мәрте бақ сынады. 2000 жылы бірінші кезеңнен аса алмаса, 2016 жылы 1/8 финалға дейін жетті. 

Әлем чемпионатының финалы 3 қазанға белгіленген.