Футзалдан Қазақстан құрамасының 2022 жылғы Еуропа чемпионаты топтық іріктеу кезеңінде бүгін, 8 наурызда cырт алаңда Беларусьпен кездесті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Естеріңізге сала кетелік, қазақстандық футзалшылар бесінші топқа түсті. Қарсыластары - Венгрия, Беларусь және Израиль құрамалары.
Қазақстандық құрама бүгінге дейін өз алаңында Венгриядан 5:0, Беларусьтен 5:2 есебімен басым түсті.
Ал 28 қаңтарға белгіленген Израильмен сырт алаңдағы ойын сол елдегі коронавируске қарсы шараларға байланысты өткізілмей қалды. Енді қос құраманың екі ойыны да елордада «Жекпе-Жек» стадионында болады. Ол 9 және 11 сәуір күндеріне белгіленген.
Бүгінгі кездесуде қазақстандық футзалшылар тізгінді өз қолына алуға тырысты. Нәтижесінде бірінші кезеңде қазақстандық Дәурен Нұрғожин 6, Дәурен Нұрғожин 16-минуттарда мергендік танытты.
Екінші кезеңде қазақстандық құрама басымдығын арттырды. Ойынның 22-минутта Тайнан есепті үстемелей түсті. Дегенмен 23-минутта беларусьтік Антон Матвиенко мүмкіндікті мүлт жіберген жоқ. Содан кейін Дуглас Жуниор 28, Лео 32, Дәурен Тұрсағұлов 36-минуттарда гол соғып кетті. Осылайша Қазақстан құрамасы қарсыласын 6:1 есебімен тізе бүктірді.
Енді Қазақстан құрамасы 6 сәуірде сырт алаңда Венгриямен кездеседі.
Айта кетелік, қазақстандық футзалшылар бұдан бұрын Еуропа чемпионаты финалдық кезеңінде екі мәрте бақ сынады. 2016, 2018 жылдарда қола жүлде алды. Еуропа чемпионатының финалдық сатысы 2022 жылдың 19 қаңтар және 6 ақпан аралығында Нидерландының Амстердам және Гронинген қалаларында өткізіледі.