14 жел, 2020 сағат 19:46

Футболдан ұлттық және жастар құрамаларына жаңа бапкерлер келді

Еліміздің ұлттық және 21 жасқа дейінгі жастар құрамасына бапкерлер тағайындалды.

Бұл жөнінде Қазақстан футбол федерациясы мәлім етті. 

Қазақстан ұлттық құрамасына бас бапкер қызметіне Талғат Байсуфинов келді. Ол 1968 жылы дүниеге келген. Футболшылық мансабында Павлодардың «Трактор» (қазіргі «Ертіс»), Ермактың «Металлург», Жеззғазғанның «Еңбек», Екібастұздың «Екібастұз», Талдықорғанның «Жетісу», Өскеменнің «Восток» командаларында ойнады. Бапкерлік қызметінде «Есіл-Богатырь», Степногорскінің «Ақсу», Павлодардың «Ертіс», Оралдың «Ақжайық» командаларында жетекшілік жасады. 2016-2017 жылдарда Қазақстан ұлттық құрамасының тізгінін ұстады. 

Қазақстан ұлттық құрамасы биыл Ұлттар лигасында С дивизионында сынға түсіп, төртінші топта соңғы орынды місе тұтты.

Ал еліміздің 21 жасқа дейінгі жастар құрамасы енді Қайрат Нұрдәулетов жаттықтырады.

Қ.Нұрдәулетов 1982 жылы дүниеге келген. Ол футболшылық мансабында Алматының ЦСКА-«Қайрат», «Қайрат», Петропавлдың «Есіл-Богатырь» (қазіргі «Қызылжар»), Павлодардың «Ертіс», елордалық «Астана», Қостанайдың «Тобыл» және Қызылорданың «Қайсар» командаларында ойын көрсеткен.

Еліміздің ұлттық құрамасы сапында 2003-2013 жылдар аралығында ойын көрсетіп, 35 кездесуде жасыл алаңға шықты. Бірнеше ойында капитандық міндетті атқарды. 

2017 жылдан бері Қазақстан ұлттық және 21 жасқа дейінгі жастар құрамасында бас бапкердің көмекшісі қызметін атқарды. 

Естеріңізге сала кетелік, Қазақстан 21 жасқа дейінгі жастар құрамасы 2021 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу сатысында алтыншы топта төртінші орынды сақтап қалды.