Футболдан УЕФА Ұлттар лигасы финалдық кезеңі мәресіне жетті. Португалия құрамасы Еуропа құрлығында алғаш рет өткізілген турнирдің чемпионы болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Финалда Португалия мен Голландия құрамалары кездесті. Ойын аса тартысты өтті. Дегенмен есеп екінші кезеңнің 60-минутында ғана ашылды. Португалия сапынан Гонсалу Гуэдеш әдемі гол соғып, жанкүйерлерін қуанышқа бөледі. Ойын соңына дейін нәтиже өзгерген жоқ. Осылайша Португалия жеңіске жетіп, жаңа кубоктың тұңғыш иегері атанды.
Қос құрама да толайым табыстарға қол жеткізген. Голландия құрамасы 1988 жылы Еуропа чемпионы атағын жеңіп алса, аталмыш бәсекеде төрт мәрте қола (1976, 1992, 2000, 2004) жүлдегер болды. Ал, әлем чемпионатында үш мәрте күміс (1974, 1978, 2010), бір мәрте қола (2014) медаль алған.
Тиісінше Португалия 2016 жылы Еуропа чемпионы атанса, аталмыш біріншілікте бір мәрте күміс (2004), үш мәрте қола (1994, 2000, 2012) медальге ие болды.
Естеріңізге сала кетелік, футболдан УЕФА Ұлттар лигасы финалдық кезеңінің жартылай финалында Португалия Швейцарияны негізгі кезеңде, Голландия Англияны овертаймда 3:1 есебімен тізе бүктірді.
Айта кетейік, бұл бәсеке алғаш рет былтырдан бастап ойналды. УЕФА құрамындағы 55 құрама төрт лигаға бөлінді. Оның әрбірінде төрт-төрт топтан бар. А лигасында топ үздіктері атанған құрамалар финалдық кезеңге жолдама алды.
Қазақстан құрамасы УЕФА Ұлттар лигасының Д лигасында А тобында Грузия, Латвия және Андорра құрамаларымен шеберлік байқасты. Нәтижесінде алдына Грузияны салып, өз тобында екінші орынды қанағат тұтты.