07 қыр, 2020 сағат 19:52

Ұлттар лигасы: Қазақстан құрамасы Беларусьтен жеңіліп қалды

Бүгін UEFA Ұлттар лигасының екінші турында Қазақстан өз алаңында Беларусь құрамасын қабылдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Аталған кездесуде қос құрама шамалас ойын көрсетті. Бірінші кезеңде екі құрама бір-бірінің қақпасынан саңылау таба алған жоқ. Бірінші кезең 0:0 есебімен тең аяқталды.

Екінші кезеңде беларусьтік футболшылар алға лап қойды. Нәтижесінде олардың қатарынан Максим Бордачев есеп ашып кетті. Бұдан әрі қазақстандықтар таразы басын теңестіруге ұмтылды. Қазақстандық шабуылшы Абат Айымбетов 62-минутта гол соқты. Бұдан кейін де алаң иелерінің гол соғатын бірнеше мүмкіндігі болған еді. Дегенмен 86-минутта Виталий Лисакович Беларусь құрамасын тағы алға шығарды. Осылайша Қазақстан футболшылары қарсыласынан 1:2 есебімен жеңіліп қалды. 

Бұдан бұрын екі құрама 2010 жылы Еуропа чемпионатына іріктеу сатысында кездесті. Екі кездесуде де қазақстандықтар оларға 1:5, 0:4 есебімен жеңіліп қалды. 

Беларусь футбол федерациясы 1989 жылы құрылған. 1992 жылы FIFA мүшелігіне қабылданса, 1993 жылдан бастап UEFA құрамында бақ сынап келеді. Содан бергі уақытта аталған құрама жоғары жетістігімен көзге түсе қойған жоқ. Еуропа құрлығындағы ортанқол құрама қатарында саналады. 

Қазақстан құрамасы 4 қыркүйекте сырт алаңда Литваны 2:0 есебімен жеңіп қайтты. Осылайша доп додасын сәтті бастады. Ал Беларусь өз алаңында Албанияға 0:2 есебімен есе жіберді. Турнир кестесінде қазақстандық футболшылар Албания құрамасы екеуі алғашқы екі орынды өзара бөлісіп тұр.