01 қыр, 2022 сағат 01:13

Футбол: Қазақстан кубогының 1/2 финалына шыққан соңғы команда анықталды


Футболдан Қазақстан кубогының жартылай финалына жолдама алған соңғы команда анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қызылордада жергілікті «Қайсар» Шымкенттің «Ордабасы» клубын қабылдады. Ойынның негізгі және қосымша кезеңінде 1:1 есебі тіркелді. Алайда, пенальтиде шымкенттік клубтың жолы болды. 

Бұған дейін хабарлағанымыздай, елордада «Астана» Түркістан облысының «Мақтааралын» 1:0 есебімен жеңді. 

Сондай-ақ «Тараз» бен «Шахтер» негізгі және қосымша кезеңде 1:1 есебімен тең түсіп, пенальтиде тараздық клуб мүлт кеткен жоқ. 

Тағы бір кездесуде алматылық «Қайрат» өз алаңында «Ақжайыққа» 1:2 есебімен жол берді. 

Енді 19 қазанда жартылай финалда «Астана» мен «Ордабасы», «Ақжайық» пен «Тараз» кездеседі. 

Еске салайық, Қазақстан кубогы 1992 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бүгінге дейін аталған кубокты «Қайрат» 10 мәрте төбесіне көтерді. 

Сондай-ақ «Жеңіс» - 3, «Астана» - 3, «Қайсар» - 2, «Атырау», «Ертіс», «Тараз», «Шахтер», «Восток», «Тобыл», «Ақтөбе», «Алматы», «Ордабасы», «Достық», «Спартак» (Семей) бір мәртеден жеңімпаз атанды.