Футболдан Еуропа чемпионатының финалына Италия құрамасы алғашқы жолдаманы алды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Екі құрама бұған дейін 38 мәрте кездесті. Оның 11-де италиялықтар жеңіске жетіп, 12-де испандықтар басым түсіп, қалғанында тең нәтиже тіркелді.
Айта кетерлігі, бұдан бұрын Италия төрт мәрте жартылай финалға шыққан. Нәтижесінде 1968 жылы чемпион атанса, 1988 жылы «қолаға» қол созды. Ал 2000, 2012 жылдары күміс жүлдегер атанды.
Испаниялық құрама құрлықтық додада 1964, 2008, 2012 жылдары үш мәрте алтын медаль алды.
Бүгінгі кездесуде қос құрама терезесі тең деңгейде ойын көрсетті. Нәтижесінде ойынның негізгі кезеңінде 1:1 есебі тіркелді. Италия сапынан Федерико Кьеза 60-минутта есеп ашса, 80-минутта испаниялық Альваро Мората таразы басын теңестірді. Осылайша ойын овертаймға ұласты.
Овертаймда да жеңімпаз анықталған жоқ. Пенальти тебуде Италия жолы болып, финалға жолдама алды.
Енді бүгін, 7 шілдеде жартылай финалда Англия мен Дания құрамалары шеберлік байқасады.
Финал 11 шілдеде Англияның Лондон қаласындағы «Уэмбли» стадионында өткізіледі.
Еске салайық, құрлықтық дода он алтыншы мәрте өткізіліп отыр. Кәрі құрлықта 1960 жылы алғашқы Еуропа біріншілігі ұйымдастырылды. Ойындар дүбірлі дода тарихында тұңғыш рет Еуропаның 10 мемлекетінде орналасқан 11 стадионда өткізілуде. Бұл дүбірлі доданың 60 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған. Биылғы біріншілікте барлығы 24 құрама сынға түсті.