14 нау, 2021 сағат 17:10

Футбол: «Тобыл» біріншілікті жеңіспен бастады

Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы Қазақстан біріншілігінің алғашқы турындағы тағы үш ойын өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бүгінгі бірінші кездесу Ақтауда жергілікті «Каспий» мен «Ақтөбе» командалары арасында болды. Ойын барысында алаң иелері қатарынан Уаджи Салидің соққан добына ақтөбелік клубтан Максим Федин бір голмен жауап қайырды. Ойын 1:1 есебімен аяқталды. 

Қызылордада жергілікті «Қайсар» мен «Тараз» командалары шеберлік байқасты. Бірінші кезеңде қос клуб бес гол соғып үлгерді. Алдымен тараздық қорғаушы Елдос Ахметов өз қақпасына доп енгізіп алса, 22-минутта қызылордалық Мақсат Байжанов есепті үстемелей түсті. Бұдан кейін «Тараз» сапынан Абзал Таубай 25, Абылайхан Жұмабек 36, Бауыржан Байтана 45-минуттарда мергендік танытып, өз командасын алға шығарды. Ойында «Қайсар» қарсыласына 2:3 есебімен есе жіберді. 

Қостанайда «Тобыл» мен Оралдың «Ақжайық» клубтары өзара күш сынасты. Алғашқы кезеңде 30-минутта қостанайлық клуб сапынан Азат Нұрғалиев көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ. Ал 75-минутта оның әріптесі Асхат Тағыберген гол соғып, қорытынды есепті белгіледі. «Тобыл» 2:0 есебімен жеңіске жетті. 

Ал Шымкентте өткізуі белгіленген «Ордабасы» мен Петропавлдың «Қызылжар» командалары арасындағы ойын ауа райының қолайсыздығынан кейінге қалдырылды. Бұл кездесудің қашан өтетіні жөнінде қосымша шешім қабылданады. 

Айта кетейік, 13 наурызда алғашқы турдағы үш ойын өтті. Өз алаңында «Қайрат» Талдықорғанның «Жетісуын» 2:1 есебімен тізе бүктірсе, «Атырау» Қарағандының «Шахтерінен» 0:1 есебімен жеңіліп қалды. Ал Түркістанда жергілікті «Тұран» мен елордалық «Астана» 2:2 есебімен тең түсті. 

Алдағы тур ойындары 19 және 20 наурыз күндері өткізіледі.