Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншысы Бактиер Зайнутдинов мәскеулік ЦСКА клубының қазан айындағы үздік гол авторы атанды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Аталмыш клубтың Twitter-дегі парақшасында мәлім етілгеніндей, Б.Зайнутдиновты жанкүйерлер Ресей премьер-лигасында «Урал» (Екатеринбург) командасымен өткен матчта соққан голы үшін үздік деп таныды.
Қазіргі таңда ЦСКА командасы Ресей чемпионатында 32 ұпаймен көш бастап келеді. Жексенбі күні 15-турда Мәскеуде ЦСКА «Сочи» командасымен 1:1 есебімен тең ойнады. Бұған дейін жарақат алып қалған Б.Зайнутдинов осы кездесуді толық өткізіп шықты. Бұл оның мәскеулік клуб құрамындағы 11-інші матчы еді.
Қазақстан ұлттық құрамасында Бактиер жартылай қорғаушы болса, ЦСКА бапкерлері оны қорғаныс шебінде пайдаланып келеді.