06 ақп, 2021 сағат 16:32

Футбол: Қазақстан жасөспірімдер құрамасы халықаралық турнирде екінші орынға ие болды

Футболдан Қазақстан жасөспірімдер құрамасы Минскіде өткен «Даму кубогы» халықаралық турнирінде екінші орынға ие болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қазақстандықтар соңғы ойында Молдова құрамасын 5:0 есебімен тас-талқан етті.

Кирил Морунов шәкірттерінен, әсіресе, шабуылшы Ян Труфанов ерекше көзге түсіп, хет-триктің авторы атанды.

Сондай-ақ Глеб Валгушев пен Мирас Оматай бір-бірден гол соқты.

Мұның алдында қазақстандықтар бастапқы кездесуінде Тәжікстан құрамасына 1:7 есебімен (жалғыз голдың авторы Никита Губарев) ұтылған еді. Дегенмен екінші матчта алаң иелері – Беларусь құрамасын 4:2 есебімен (гол авторлары: Мирас Оматай, Әмірәлі Оразбек, Әмір Темірғали және Ян Труфанов) тізе бүктірді.

Қазақстан футбол федерациясы мәлім еткеніндей, осы екі жеңістің арқасында жасөспірімдер құрамасы халықаралық турнирдің күміс жүлдесіне ие болды.