13 жел, 2020 сағат 21:28

Футбол: Бактиер Зайнутдинов тағы да көзге түсті

Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі Бактиер Зайнутдинов Ресей чемпионатының 18-турында мәскеулік ЦСКА құрамында алаңға шықты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Мәскеулік клуб бұған дейінгі үш турда екі ойында тең ойнап, біреуінде жеңіліс тауып, турнир кестесінде үшінші орынға сырғып кеткен болатын.

Сондықтан Мәскеу қаласында «Урал» командасымен (Екатеринбург) бәсеке ЦСКА мен оның бапкері Виктор Гончаренко үшін аса маңызды еді. Өйткені Еуропа лигасында да сәтсіз өнер көрсеткеннен кейін В.Гончаренкоға орнынан босап қалу қаупі төнген-ді.

Ойынға бірден араласқан Б.Зайнутдинов бұл жолы шабуыл шебінде көбірек көрінді. 4-минутта Илья Шкуриннің пасынан кейін Бактиер тепкен допты «Уралдың» қақпашысы Илья Помазун қақшып алды. Сәлден кейін қазақстандық футболшы тәртіп бұзып, ескерту алып қалды. Енді ол 17 желтоқсанда Ростовта өзінің бұрынғы командасымен өтетін матчқа қатыспайды.

Дегенмен көп ұзамай Б.Зайнутдинов нәтижелі ойынымен көзге түсті. 12-минутта оң қапталдан Бактиердің әуелетіп, әдемі берген пасынан кейін И.Шкурин есеп ашты – 1:0.

Бірінші таймда қонақтар да қарап қалмады. 31-минутта Андрей Егорычев таразы басын теңестіріп кетті.

Екінші кезең «Урал» үшін сәтсіз басталды. Тәжірибелі шабуылшы Павел Погребняк ескерту алғаннан кейін қарап тұрмай, төрешіге доқ көрсетемін деп, алаңнан қуылды. Ол аз болғандай, қорғаушы Алексей Герасимовтың қолына доп тиіп, 11 метрлік айып добын 61-минутта Никола Влашич дәл орындады – 2:1. 63-минутта Б.Зайнутдиновты Федор Чалов алмастырды.

Алаң иелері бір футболшысы кем «Уралды» аса қиналмай жеңетіндей көрінген. Алайда 89-минутта Игорь Калинин баспен тоғыздықты дәл көздеді. Ол матчтың үздік ойыншысы атанды.

Кездесу соңында дөрекі ойнаған И.Шкуринге де қызыл қағаз көрсетілді.

Осылайша матч 2:2 есебімен тең аяқталды. Сөйтіп өз алаңында қарсыласын ұта алмай, мүмкіндігін тағы да мүлт жіберген ЦСКА 34 ұпаймен үшінші орында қалды. Мәскеуліктер түрлі турнирде жеті ойын қатарынан жеңіске жете алмай келеді.

Мамандар Б.Зайнутдиновтың бірінші таймдағы өнерін жоғары бағалады. Жалпы, биыл мәскеулік клубқа алынған ойыншылардың ішінде трансферлік құны жөнінен ең арзаны бола тұрса да, 22 жастағы Бактиер әмбебап футболшыға айналып келеді. Бұрын жартылай қорғаныс шебінде ғана ойқастаған оны ЦСКА бапкерлері біресе сол, біресе оң қапталдағы қорғаныста сынап көрді.