Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы Қазақстан біріншілігінің алғашқы турында үш ойын өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Ел біріншілігін Алматыда жергілікті «Қайрат» пен Талдықорғанның «Жетісу» командалары арасындағы кездесу ашты. Өткен жылғы ел чемпионы қарсыласының осал тұсын таба білді. Олардың қатарынан Небойша Косович 69, Гулжігіт Алықұлов 72-минуттарда көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ. Нәтижесінде алматылық клуб 2:0 есебімен басым түсті.
Тағы бір кездесу Түркістан қаласында өткізілді. Жергілікті «Тұран» елордалық «Астана» клубымен шеберлік байқасты. Ойын барысында елордалық Марин Томасов 9-минутта есеп ашса, түркістандық Таңат Нөсербаев 18-минутта таразы басын теңестірді. Ал 54-минутта Абзал Бейсебеков соққан голдан кейін «Астана» тағы да алға шықса, 68-минутта түркістандық Мардан Төлебек қорытынды есепте белгіледі. Ойын 2:2 есебімен тең аяқталды.
«Атырау» командасы өз алаңында Қарағандының «Шахтер» клубын қабылдады. Ойын тағдырын қарағандылық клуб сапынан Виталий Балашов 14-минутта соққан жалғыз гол шешіп, кеншілер 1:0 есебімен жеңіске жетті.
Енді 14 наурызда бірінші турдағы қалған төрт ойын болады. Алдымен 15.00-де «Каспий» (Ақтау) мен «Ақтөбе», «Ордабасы» (Шымкент) мен «Қызылжар» (Петропавл), 17.00-де «Қайсар» (Қызылорда) мен «Тараз», «Тобыл» (Қостанай) мен «Ақжайық» (Орал) командалары шеберлік байқасады.