08 нау, 2021 сағат 15:58

Фристайл-могул: Юлия Галышева әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды

Қазақстандық Юлия Галышева фристайл-могулдан Алматыда әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Шымбұлақтағы дүниежүзілік додада Ю.Галышева негізгі финалға 82.54 ұпай жинап, үздік көрсеткішпен өткен болатын. 

Ең үздік алты спортшы қатысқан соңғы сында Ю.Галышева 79.52 ұпаймен екінші орынға көтерілді.

Чемпиондық атақ олимпиада жеңімпазы, франциялық Перрин Лаффонға бұйырды. Ол 82.11 ұпайға ие болды. Ресейлік Анастасия Смирнова 79.41 ұпаймен үздік үштікті түйіндеді. 

Бұдан бұрын, 2019 жылы АҚШ-та өткен әлем біріншілігінде Ю.Галышева жеңімпаз атанған еді. Енді күміс жүлде бұйырып отыр. 

Ерлер арасында негізгі финалға Қазақстаннан Павел Колмаков пен Дмитрий Рейхерд өтті. 82.23 ұпай жинаған П.Колмаков өз спорттық жолында алғаш рет әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды. Канадалық Микаэль Кингсбери чемпион атанса, күміс медаль франциялық Бенджамен Каветтің қанжығасында кетті. Д.Рейхерд 78.47 ұпаймен бесінші орында қалып қойды.