20 там, 2018 сағат 15:07

Франциядағы әйгілі кинофестивальде қазақстандық режиссердің туындысы көрсетіледі

Қазақстандық Әділхан Ержановтың «Түн құдайы» фильмі режиссердің ретроспективасы бойынша Францияда көрсетіледі, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" «Қазақфильм» киностудиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қыркүйек айының 5-16 аралығында Париж қаласында өтетін «L'Etrange Festival» француз кинофестивалінің арнайы «Focus» бағдарламасында режиссер Ә.Ержановтың барлық фильмдері көрсетіледі. Бұл фильмдердің қатарында ҚР мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген «Риэлтор», «Қожайын», «Түн құдайы» сынды картиналар бар.


Фестивалді ұйымдастырушылар өз таңдаулары тұрғысында: «Ержановтың кинематографиясын қайталанбайтын туындылар құрайды. Ол жұмбақ әлем секілді және оның шексіз интерпретациясы мен креативтілігін тұтастай алып бағалауға болады. Бұл жұмбақ әлемді түсіну үшін оның барлық көркем фильмдерін жинақтап, «Focus» бағдарламасында көрсету керек» деп түсінік берген.

Бұл жайында режиссер Әділхан Ержанов «L'Etrange» фестивалі өзіне «Қаратас ауылындағы оба» фильмінен кейін назар аударғанын айтады.

«Олар «Түн құдайы» фильмін көрсетуді қалап, оны тұтас бір жыл күтті. Бір жақсысы, олар осынша уақыт фильмді күте алды. Біз де оларға жеткізе алған секілдіміз. Меніңше, олар фильмдеріме еуропалық киносыншылардың назарын аударғысы келеді, себебі, менің фильмдерім оларға қызықты. Оларға жаңаша түсірілген фильмдер керек», - деп ой бөлісті режиссер.

Айта кетерлігі, «L'Etrange Festival» ширек ғасырға жуық уақыт өткізіліп келеді. Бұл фестиваль «ерекше, қайталанбайтын, сирек, жоғары деңгейдегі» фильмдерге арналған. Фестиваль бағдарламасында негізгі байқау (Ларс фон Триердің «Джек тұрғызған үй» фильмі көрсетілетін) мен қысқаметражды фильмдердің байқауынан бөлек, байқаудан тыс бағдарламада жапон жаңа толқынының фильмдерінің көрсетілімі, аңызға айналған «Nikkatsu» жапон студиясының фильмдерінің ретроспективасы, сондай-ақ «Жаңа таланттар», «Деректі кино» бағдарламалары бар.