Қазақстандағы Франция елшісі Филипп Мартинэ еліміздегі президенттік басқару жүйесінің 30 жылдығына арналған халықаралық конференцияда сөз сөйледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Біздің әлем теңдессіз дағдарысты бастан өткеріп жатыр. Пандемия әлемді мықтап тұрып тұтқынына алды. Біздің елдеріміз вируспен күрес жүргізіп жатыр. Осынау дағдарыстың экономикалық салдарының толық ауқымын есептеп білудің өзі мүмкін емес. Кейінгі кезде мұнай бағасының қатты құлдырауына куә болып отырмыз», - деді Филипп Мартинэ «Президенттік басқару нысаны. Конституциялық негіз және саяси тәжірибе» атты халықаралық онлайн-конференцияда.
Елшінің айтуынша, бүкіл әлемде тиімді вакцина болмаса, адамзаттың алға жылжуының өзі үлкен мәселеге айналып отыр.
«Осынау дағдарыс кезеңінде эпидемияға қарсы күресу үшін бізге барынша халықаралық ынтымақтастық керек. Бізге Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы секілді қаржыландырылған және жан-жақты қызмет көрсете алатын ұйымдар қажет. Ең әлсіз елдерге көмек беріліп, ЕО секілді ұйымдарда пікірлестік болуы тиіс. Франция экономиканы жандандыратын тиімді шараларды қолға алуға шақырып отыр. Еуропа мен Азия осындайда ниеттестік білдіруі керек. Франция мен Қазақстанды біріктіріп тұрған стратегиялық ынтымақтастық біздің жұмысымыздың басымдыққа ие бағыттарының бірі болып қала береді. Осынау бағыт-бағдар қажеттігін жоғалтпау үшін бізге мықты ұлттық институттар қажет. Қазақстан мен Францияның президенттік институттары ұқсас. Ол туралы бәрі жақсы біледі», - деді ол.