05 қаз, 2020 сағат 06:48

Франция мен Италиядағы тасқын: үйлер мен көпірлер су астында қалды

Францияның оңтүстігі мен Италияның солтүстігінде су тасқыны салдарынан кем дегенде төрт адам құрбан болды, деп хабарлайды Euronews агенттігі.

Құтқарушылар із-түссіз жоғалған ондаған адамды іздестіруде. Іздеу жұмыстарына әскери қызметкерлер, өрт сөндірушілер жұмылдырылған, Франция билігі көмек ретінде төрт тікұшақ жіберді. 

Италияның Пьемонт және Лигурия аймақтарының билігі үкіметтен төтенше жағдай режимін енгізуді сұрап отыр.

Жұма күні Франция мен Италияны «Алекс» дауылы жайпап өтті. Су ағыны үйлер мен көпірлер шайып кетті. Қазіргі кезде құтқарушылар бар мүлкінен айырылған адамдарға көмек көрсетуге әрекеттеніп жатыр. Көкшіл жағалауда небәрі жарты күн ішінде жартыжылдық уақытқа татитын жауын-шашын нормасы (500 миллиметр) түскен. 

Франция премьер-министрі Жан Кастекстің айтуынша, елде мұндай жауын бұрын-соңды болған емес.